Украина мен Ресей достасатын болды ма? Екі тараптың тартысына Дональд Трамп тағы араласты. АҚШ президенті бұл жолы Владимир Зеленскийге қарата сөйлеп, алдымен Киев ымыраға келуі керек деп қадап айтты. Украиндардың басшысы да үнсіз қалмады. Ал Владимир Путиннің бұл мәселедегі позициясы қандай? Төрт жылдық соғысқа нүкте қойылар күн жақын ба?
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаны Ресеймен арадағы соғысты тоқтатуға шақырды. Оның сөзінше, майданда Мәскеудің басымдығы байқалады. Сондықтан төрт жылдық қақтығысқа нүкте қою үшін алдымен Киев ымыраға келуі тиіс.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Меніңше, Ресей бұл мәселені тезірек аяқтағысы келеді. Олар тоқтамай алға жылжып келеді және қазірдің өзінде үлкен аумақты алды. Бірақ Украина да соғысты тоқтатуға құлықты болуы керек. Зеленский бұл келісімді қалауы тиіс. Егер олай болмаса, жағдай нашарлай береді деп ойлаймын.
Бұған жауап берген Владимир Зеленский дипломатияға көшуге дайын екенін жеткізді. Ол келіссөздердің міндетті түрде Киев, Вашингтон және Мәскеу арасында өтуін қолдайды. Ең бастысы, Украинаға қатысты шешімдер елдің өз қатысуынсыз қабылданбауы керек.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Келіссөздерді үшжақты форматта жүргізу өте маңызды. Президент Трамп, мен және Ресей басшысы. Ең дұрысы – осы. Еуропа елдері қосылса, тіпті жақсы. Мен кез келген форматтағы келіссөздерге ашық екенімізді айтып келемін. Бір өтінішім, біздің мәселені біздің қатысуымызсыз талқыламаңыздаршы.
Бұл ұстанымға Ресей президенті де пікір білдірді. Владимир Путин АҚШ және Украинамен үшжақты байланысты жаңғыртуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ Кремль уақытша бітімді емес, түпкілікті бейбіт келісімді талап етіп отыр.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз үшжақты байланысты қайта бастауға дайынбыз. Бұл келіссөздердің мақсаты – ұрыс қимылдарын қысқа мерзімге тоқтата тұру емес, бейбіт келісімдердің түпкілікті формасына қол жеткізгеннен кейін Украина мен Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылау.
Дегенмен Батыс басылымдары жағдайдың басқа арнаға бұрылуы мүмкін екенін жазады. «The Wall Street Journal»-дың мәліметінше, Путин қараша айында АҚШ және Қытай көшбасшыларымен келіссөз өткізуді ұсынған. Ең бастысы – бұл жиынға Зеленскийдің қатысуы көзделмеген. Саясаттанушылар мұны қисынсыз деп санайды.
ДОС КӨШІМ, САЯСАТТАНУШЫ:
Үлкен державалар бірігіп, бір мәселені шешуге араласа алады. Тікелей соғысқа қатысып жатқан елсіз шеше алмайды, бірақ араласа алады. Дегенмен Путиннің бұл жерде араласқаны менің миыма кірмейді. Егер АҚШ пен Қытай бірігіп пікір білдіріп шешуге тырысса, ол түсінікті. Егер Путин отырса, Зеленскийдің де соған қатысуы міндеттеледі. Ақылға қонымдысы осы.
Сарапшылардың пікірінше, соғысып жатқан елдің тағдырын оның қатысуынсыз шешуге ұмтылу – Киев пен оның еуропалық одақтастары үшін үлкен сигнал. Оның үстіне, дәл қазір Украина майданда қорғану үшін аса маңызды саналатын Starlink байланысының шектелуіне де алаңдап отыр. Қалай болғанда да келіссөздерге дайындық басталғанымен, тараптар арасында үлкен қайшылықтар бар.
ИРАН ТАҒЫ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛА МА?
Таяу Шығыстағы жағдай да ушығып тұр. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ пен Израиль Иранға жаңа әскери соққы жасаудың нақты жоспарын әзірлеген. Ол АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін іске асуы мүмкін. Жоспар бойынша қос мемлекет Иранның энергетикалық, ядролық нысандары мен зымыран қоймаларына қысқа әрі жойқын шабуыл жасамақ. Алайда Дональд Трамп бұл қадамды қолдай ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Сонымен қатар америкалық БАҚ өкілдері АҚШ-тың Иордания, Қатар және Кувейттегі әскер санын құпия түрде азайтып жатқанын хабарлады. Бұған Иран мен йемендік хуситтер тарапынан төнген тікелей қауіп себеп болған.
ХУСИТТЕР САУДИЛЕРДІ АТҚЫЛАДЫ
Таяу Шығыстағы қақтығыс одан сайын ушығып барады. Иран қолдайтын йемендік хуситтер Сауд Арабиясының бірнеше стратегиялық нысанына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Соққы Эр-Риядтағы Қорғаныс министрлігіне, Янбудағы «Saudi Aramco» мұнай компаниясының нысандарына және Даммамдағы халықаралық әуежайға бағытталған. Жалпы, осы айда хуситтердің әскери, энергетикалық және азаматтық инфрақұрылымдарға жасаған шабуылдарынан корольдікте кемі 18 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жараланған.
ЯХЬЯ САРИ, ХУСИТТЕРДІҢ ӘСКЕРИ ӨКІЛІ:
Егер Сауд Арабиясы йемендік тайпаларға соққы жасаса, жауапсыз қалмайды. Оның салдары өте ауыр әрі болжап білмес апатқа әкелуі мүмкін. Біз қаламайтын, бірақ өте қатаң шараларға баруға мәжбүр боламыз. Бұдан туындаған кез келген зардапқа Сауд Арабиясы тікелей жауапты болады.
Ал үздіксіз шабуылдардан әбден зардап шеккен «Saudi Aramco» мұнай алыбы өзге елдермен серіктестік орнатып, стратегиялық қорын ұлғайтуды көздеп отыр. Өйткені соғыс аяқталғаннан кейін мұнайға деген сұраныс күніне 3 миллион баррельге дейін өседі деген болжам бар. Дегенмен компания өкілдері қазіргі жағдайдың энергетика нарығына орасан зор нұқсан келтіргенін жасырмайды.
АМИН НАССЕР, «SAUDI ARAMCO» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі дағдарыстың энергетика нарығына тигізген әсері бұрын-соңды болмаған деңгейде. Қақтығыс басталғалы бері мұнай және сұйытылған табиғи газ секторында біз шамамен 3 миллиард баррель жоғалттық. Әлемдік сұраныстың 20 пайызы Парсы шығанағы аймағына тиесілі. Сондықтан зардабы ауыр. Оның үстіне, бұл дағдарыс басталған тұста әлемдік мұнай қоры соңғы бес жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде болған еді.
Осы жағдайға байланысты Сауд Арабиясының королі Салманның төрағалығымен Министрлер кабинетінің отырысы өтті. Жиында аймақтағы және халықаралық деңгейдегі оқиғалар сараланып, экономикалық өсім мен қауіпсіздікке қатысты бірқатар шешім қабылданды. Үкімет халықаралық қауымдастықтың хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелерге және корольдіктің инфрақұрылымына жасаған шабуылдарын қатаң айыптауын құптады.
АТЫС-ШАБЫС ТОҚТАМАДЫ
Газа секторының тұрғындары израильдік соққыдан кейін қираған ғимараттардың үйіндісін аршып жатыр. Жергілікті халықтың айтуынша, шабуыл эвакуация туралы бұйрық берілгеннен кейін жасалған. Израиль тарапы ХАМАС тобын қару-жарақ қорын жаңартып, бір жылдық бітім шарттарын бұзды деп айыптап, соңғы апталарда аймаққа соққы жасауды жиілетті.
МҰХАММЕД ХАМАД, ТҰРҒЫН:
Олар бітім жасалды дейді. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай, ешқандай бейбітшілік орнаған жоқ. Біз тек қантөгіс пен қорқытуды көріп отырмыз. Олар үйлерді талқандап, адамдарды өлтіріп, ағаштарды кесіп жатыр.
Былтыр АҚШ-тың делдалдығымен жасалған атысты тоқтату туралы келісім негізінде аймақты қалпына келтіру көзделген еді. Алайда ХАМАС-ты қарусыздандыру және израильдік әскерді шығару шарттары бойынша ортақ мәміле болмағандықтан, айтарлықтай нәтиже жоқ. Жалпы, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС содырлары 1200-дей израильдікті өлтіргеннен кейін басталған бұл қақтығыста 74 мыңнан астам палестиналық ажал құшқан.