Мазмұнға өту
· 26 қаралым

Коммуналдық тарифтер лимит бойынша өзгереді

Елімізде коммуналдық тарифтердің өсімін қайтсе де тежейтін іс-шаралар қарастырылып жатыр. Соның бірі – төлемдерге лимит қою мәселесі. Сенатта өткен Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрінің орынбасары коммуналдық қызмет ақысы инфляция деңгейінде өсетінін айтты. Арман Қасеновтің сөзінше, бұл секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобада тариф жүйесі жан-жақты сараланыпты. Яғни, тозығы жеткен желілерді жаңарту үшін қолға алынған инвестициялық бағдарламалар тарифке соншалықты қатты әсер етпес үшін 20 жылға дейін қаржыландыру көзделген. Осылайша жарық пен су, жылу бағасы күрт қымбаттамай, баға өсімі баяу жүреді екен.

АРМАН ҚАСЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Инвестициялық бағдарлама 20 жылдық мерзімге бөлініп жүзеге асырылуда. Сонымен қатар сыйақы мөлшерлемесі 10 пайызға дейін төмендетілген, бұл тарифтердің шұғыл қымбаттауын тежейді. Аталған 10 пайыз деңгейі қазіргі инфляциядан да төмен. Тариф тек халықтың шығынына ғана емес, жалпы инфляция деңгейіне де әсер етеді. Сондықтан тариф өсімін шектеудің маңызы жоғары. Осыған байланысты Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы аясында тарифтерге лимит қою тетігін қарастырып отыр.

← Барлық жаңалықтар