Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Онкологияны емдейтін дәрі елімізде шығарыла бастайды

Елімізде онкология мен сирек кездесетін ауруларға қарсы өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмек шығарыла бастайды. Үкімет Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жобасын мақұлдады. Кәсіпорын 2031 жылы іске қосылмақ. Жобаның жалпы құны 32 млрд теңгеден асады.

ФАТИМА СМАҒҰЛОВА, ҚР ДСМ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұл жоба толық циклді дәрі-дәрмек шығаруға бағытталған. Яғни, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл процесс осы жерде жүреді. Жобаның ел экономикасы үшін инвестициялық тартымдылығы жоғары, өйткені тартылатын қаржы көлемі 100 миллиард теңгеден асады. Зауытта онкологиялық, аутоиммундық ауруларға арналған дәрілік заттардың 27 түрі шығарылады деп жоспарлануда. Инвестор — ресейлік «Р-Фарм» компаниясы.

Жоба аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да жүргізіледі. Сонымен қатар биоэквиваленттілік зерттеулер өткізу, қазақстандық мамандарды даярлау да қарастырылған. Фармацевтикалық кешен жүздеген адамға жұмыс орнын ашып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстанда 8 фармацевтикалық кәсіпорын бой көтермек. Оларға тартылған жалпы инвестиция көлемі 390 миллиард теңгеден асады.

← Барлық жаңалықтар