Қазақстан Шанхайда өткен халықаралық туристік көрмеде елдің туристік әлеуетін таныстырды. ITB China 2026 көрмесіне отандық туроператорлар мен әуекомпаниялар қатысып, шетелдік серіктестермен ортақ мәселелерді талқылады. Іс-шарада Астана мен Алматы қалаларының туристік мүмкіндіктері кеңінен насихатталды. Көрме аясында Алматының туризм күні ұйымдастырылып, мегаполистің мәдени және іскерлік әлеуеті де көрсетілді. Сондай-ақ, Шанхайдың орталығында өткен би флешмобы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мамандардың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим мен тікелей әуе рейстерінің көбеюі туристік байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл халықаралық көрмеге әлемнің 80 елінен туризм саласының өкілдері қатысты.