Жұмысшылардың құқығы заңмен қорғалатыны жақсы жаңалық, әрине. Алайда олардың жинаған зейнетақысын алдын ала пайдалануы енді арманға айналуы мүмкін. Қор 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін күрт өзгертті. Жаңа есептеулерге сәйкес, 20 жастағы азаматтың шотында шамамен 7 миллион теңгеге жуық ақша болмаса, бір тиынын да ала алмайды. 30 жастағылар үшін бұл меже 10 миллионға таяды. 40-тағыларға – 13 миллионнан асады. 50-ге келгенде кемі 17 жарым миллион теңге жинақта жатуы міндет. Ал алпысқа аяқ басқанда 22 миллионнан аса жинақ болса ғана, артылғанын шешуге рұқсат. Жалпы, бұрынғы талаппен салыстырғанда шектік мөлшер 79 пайызға дейін өсіп, кей жас топтары үшін екі есе қатаңдаған. Негізгі мақсат – шоттағы ақшаны жаппай жұмсауды тоқтатып, зейнетке шыққанда халықты минималды табыссыз қалдырмау.
АЛТЫНАЙ ҮСЕНБАЕВА, ҚР ЕХӘҚМ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
Бүгін жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге тұрғын үй және емделу мақсаттарына зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі сақталады. Жеткіліктілік шектерін жаңарту зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, қазақстандықтардың болашақтағы қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.