Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Киев пен Мәскеу келіссөзге дайын ба?

Әлемнің назары тек Парсы шығанағына емес, Еуропа мен Таяу Шығыстың өзге аймақтарына да ауып отыр. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс тоқтай ма? Владимир Зеленский Путинге ашық хат жолдапты. Онда қантөгісті тоқтатуға шақырғаны жазылған. Әрине, тыныштық орнаса екен дейміз. Таяу Шығыстағы ахуал да уақытша дұрысталған сыңайлы. Израиль мен Ливан уақытша бейбіт келісімге келіпті.

Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге ашық хат жолдап, қантөгісті тоқтатуға шақырды. Ресми сайтта жарияланған құжатта бетпе-бет кездесіп, соғысқа нүкте қоятын нақты күнді белгілеу ұсынылған. Киевтің бұл қадамы кездейсоқ емес. Ақ үйдің назары қазір негізінен Таяу Шығыстағы қым-қуыт жағдайға ауған тұста, майдан даласындағы тығырықтан шығудың жолы дипломатия болып тұр.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Таңдау өзіңізде. Соғысты тоқтататын уақыт жетті. Украина қақтығысты әділ әрі лайықты түрде аяқтауды ұсынады. Болашақта дау қайта тұтанбауы үшін сенімді кепілдіктер керек. Бұл процеске тікелей ықпал ете алатын Еуропа елдері мен Америка Құрама Штаттары міндетті түрде қатысуы тиіс деп санаймыз.

Владимир Путин, егер ортақ мәмілеге келсе, Украина басшысымен бейбіт келісімге қол қоюды жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Кремль соғыс жағдайына байланысты сайлау өткізбеген Зеленскийдің заңды басшы екеніне күмән келтірген еді. Алайда Санкт-Петербургте шетелдік журналистермен кездескен Путин ымыраға келуге дайын екенін байқатты.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тағы да қайталап айтамын. Біз бейбіт келісімге тек мұндай құжаттарға қол қоюға толық заңды құқығы бар адамдармен ғана отырамыз. Нұсқалар көп. Жоғарғы Рада төрағасы немесе Зеленскийдің өзі болуы мүмкін. Біз тек бұл құжаттардың қандай заңды салдары болатынын көруіміз керек. Ең бастысы ниет болса. Құжатты рәсімдеудің шешімін табамыз.

Киев келіссөздер кезеңінде қаруды уақытша тастауға даяр екенін мәлімдеді. Ал тарихи кездесу өтуі мүмкін алаң ретінде Швейцария, Түркия және Араб елдері қарастырылып жатыр. Әсіресе бұл іске делдал ретінде жаһандық саясаттағы ірі державалардың қатысуы үлкен маңызға ие. АҚШ Президенті Дональд Трамп та екі тарапты ымыраға көндіруге күш салып жатқанын жасырмады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен екеуінің де шегінгенін қалаймын. Бұл екі тамаша адам, екі керемет мемлекет. Өткен айдың өзінде 25 мың адам қаза тапты. Негізінен қарапайым сарбаздар. Ай сайын осынша адам шығыны болып жатыр. Мен оларға нүкте қою керек деп қадап айттым. Әрқайсысы белгілі бір компромиске баруы тиіс.

Украина халқы Зеленскийдің бұл хаты Мәскеуді бірден жібітіп, қақтығысты тоқтата қоярына күмәнмен қарайды. Бірақ шаршаған халық кез келген диалогтан үміт күтеді.

КАТЕРИНА ЛЕОН, ТҰРҒЫН:

Жақсылықтан үміттіміз. Бізге бейбітшілік керек. Хатта соғысты екі тарап та тоқтатуы тиіс екені айтылған. Ақыры оң нәтиже шығып, бұл сұмдық аяқталады деп сенемін.

ГЕОРГИЙ ФИНЕН, ТҰРҒЫН:

Бұл дұрыс бағыттағы қадам. Хаттағы бір ауыз сөздің өзі оң нәтижеге, тіпті бейбітшілікке бастауы мүмкін. Егер сөйлеспесек, ештеңе өзгермейді.

Осылайша, қос тарап та бейбітшілік туралы сөз қозғағанымен, шарттары әзірге қабыспай тұр. Украина бейтарап алаңды ұсынса, Ресей Киевті Мәскеуге шақырады. Дипломатиялық хаттар мен мәлімдемелер жалаң сөз күйінде қала ма, әлде нақты бітімгершілікке ұласа ма? Оны алдағы саяси сауда көрсетеді. Бастысы, қару емес, дипломатия басты орынға шықса жарар еді.

КЕЛІСІМ МЕН ҚАЙШЫЛЫҚ. ЛИВАН

Таяу Шығыстың бір бұрышында уақытша тыныштық орнауы мүмкін. Вашингтондағы келіссөздердің қорытындысы бойынша Израиль мен Ливан атысты тоқтатуға уағдаласты. Басты шарт – «Хезболла» шабуылды толық доғарып, Оңтүстік Литани аймағынан әскерін әкетуі тиіс. Сондай-ақ Ливанда тек үкімет армиясы бақылайтын және радикалды топтардан таза «пилоттық аймақтар» құрылмақ. Дегенмен қағаз бетіндегі келісім мен майдандағы нақты әрекет қабыспай тұр. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац мәмілеге қарамастан, Ливанның оңтүстігіндегі құрлық операциясы тоқтамайтынын кесіп айтты. Бұған қоса, Тель-Авив АҚШ-тың қолдауымен қауіп төнген жағдайда Бейрутке соққы беру құқығын өзінде сақтап қалды. Тараптарды түпкілікті бітімге шақыратын келесі келіссөздер осы айдың соңына жоспарланған.

ГАЗАДАҒЫ ҚАНТӨГІС. ГАЗА СЕКТОРЫ

Оқ атпау туралы келісім болса да, ботадай боздап отырған аймақ – Газа секторы. Тұрғындар Израиль соққысынан қаза тапқан жақындарымен қоштасты. Жергілікті денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, бір күннің ішінде кемінде 9 палестиналық көз жұмған, оның ішінде бір отбасының бес мүшесі бар. Таң ата әскери ұшақтар төрт бірдей тұрғын үйге шабуыл жасап, тағы 15 адам жараланды. АҚШ Президенті Дональд Трамптың араласуымен жасалған бітімгершілік келісімі осылайша құрдымға кеткендей. Қазіргі уақытта анклавтың тең жартысынан астамы Израильдің бақылауында. Дерекке сүйенсек, атысты тоқтату режимі жарияланғалы бері 930-дан астам палестиналық пен төрт израильдік сарбаз мерт болған.

РАБАХ ЛУББАД, ТУҒАНДАРЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ТҰРҒЫН:

Сұмдық жарылыс болды. Төбемізден тас жауып, не болғанын түсінбей қалдық. Әйелім екеуміз ғана болғанбыз. Айнала қараңғы, өрт шығып, жалын шарпи бастады. Темір есік кептеліп, ашылмай қойды. Көршілердің бәрі жиналып, есіктің астынан кішкене саңылау жасап, әйелім екеумізді әрең тартып шығарды. Ұл-қыздарымның не болғанын білмедім… Ақырында қызымның, күйеубаламның және олардың екі кішкентай баласының көз жұмғанын естідік.

Әзірге Израиль әскерилері бұл шабуылдарға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Бейбіт халықтың қазасы артып, келісімнің күші жойылған тұста, аймақтағы гуманитарлық дағдарыс ушығып барады. Газа жұрты үшін бейбітшілік тек қағаз жүзінде қалып, аспаннан жауған от тыйылар емес.

Айбек Қосан

← Барлық жаңалықтар