Жапония автоконцерні әлемді жаулап жатқан Қытай брендтерін басып озбақ. Күншығыс елінің инженерлері электрокар нарығын дүр сілкіндіретін жоба дайындады. Олар жүргеннің өзінен зарядталатын гибридті темір тұлпар құрастырғысы келеді. Қазірдің өзінде мамандар супер бастаманың барлық сызба нұсқасын әзірлеп қойыпты. Тіпті, Жапония келесі жылы алғашқы сынақтарын өткізуге ниетті. Демек, пилоттық бастама тиімділігін көрсетсе, арнайы көлік иелері станцияларға тоқтап әуре болмайды. Транспорттың қозғалыста болғанының өзі ток береді екен. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.
Ереуіл тағы жалғасуы мүмкін
Франция билігі толассыз ереуілден кейін алаңдай бастады. Жоспар бойынша 2027 жылы елде президент сайлауы өтуі тиіс. Ал көтеріліске шыққан мыңдаған тұрғын мемлекет басшысы Эмманюэль Макронның отставкаға кетуін талап етіп, қиқуға басты. Саясаткерлер тәртіпсіздіктің көкесі маңызды науқан жақындаған сәтте өтуі мүмкін деп топшылайды. Өйткені дәл сол кезеңде Франциядағы ультрасолшыл күштер билікке қарсы жаппай наразылық акциясын ұйымдастыруға ниетті. Оның соңы қақтығыстарға ұласуы мүмкін. Мәселен, ел премьері Себастьян Лекорноның сөзінше, жуырда елдің басым бөлігін қамтыған тәртіпсіздік арқылы көтерілісшілер билікті басып алмаққа оқталған. Жалпы, қазандағы аласапыранға 500 мың адам қатысты деген дерек бар. Ал тәртіп сақшылары қақтығыс саябырсыған соң ғана бейнебақылау камераларын ақтарып, сол арқылы бұзақыларды қамауға кірісті.
Студенттер бас көтерді
Өткен айдағы Франциядағы лицей оқушыларының ереуілі жаһанның түкпір-түкпірінде қолдау тауып жатыр. Бұл жолы Индонезияның студенттері көшеге шығып, билікке наразылықтарын жеткізді. Жаппай митинг мемлекет астанасы Джакартадан бастап, бірнеше ірі қалада өтті. Ал кейіннен басшыларға базынасын айтуға қоғам белсенділері де қосылды. Олар аралда соңғы уақытта жиілеп кеткен орман және алқап өртін ұлттық қасірет деп бағалауды талап етеді. Сондай-ақ төтенше оқиғаларға қатысты тергеу тез арада аяқталып, кінәлілердің жазалануын қалайды. Бұдан бөлек, бейбіт шеруге қатысушылар елдегі қымбатшылыққа, Үкіметтің экономикалық саясатына, білім саласындағы олқылықтарға наразылығын білдірді. Ал билік қауіпсіздік мақсатында Джакарта көшелеріне 2 мыңнан астам полицейді алаңға шығарды.
Үкімет ауысты
Жалпы, соңғы уақытта Еуропадан маза кеткен сыңайлы. Бұл жолы халықаралық қауымдастық назары Карпат тауларына ауды. Румынияда толассыз наразылықтардан соң Үкімет қайта жасақталатын болды. Ал бұл шешімді саясаткерлер де құп көре кетті. Олар бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін маңызды шешім қабылдады. Енді Парламенттің мақұлдауымен министрлер кабинетінің тізгіні Луки Никулескуге беріледі. Жаңа реформаны жоғары палатаның 280 депутаты қолдап дауыс берген. Ал су жаңа премьер-министр мемлекет басшысына ант беру рәсімін өткізуі тиіс. Айта кету керек, қыркүйек айында Трансильвания аймағында фермерлер ереуілге шықты. Бухарест көшелерінде ашынған жұрт биліктің экспортқа тосқауыл қойғанына наразылық білдірген еді.
Ит пен мысық кіргізуге рұқсат
Жануарлар құқығын қорғаушылар үшін жағымды жаңалық! Португалияда ауруханада ем қабылдап жатқан науқастарға ит пен мысықтарын мекемеге алдыруға мүмкіндік берілді. Ерекше акция қазірдің өзінде тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Ал бұл шараны Пиреней түбегіндегі Сан Жуан емханасының басшылығы қолға алыпты. Ақ халаттылар ұзақ уақыт төсекке таңылған жандарға демеу болғысы келеді. Бірақ үй жануарлары палаталарға бей-берекет кіргізілмейді. Мұндай мүмкіндік дәрігерлердің қатаң нұсқауымен, жазылмайтын дертке шалдыққан жандарға беріледі. Ал ит пен мысықтың ол үшін тиісті ветеринарлық құжаттары мен екпелері болуы шарт. Сонда ғана науқастарға аптасына 30 минут сүйікті жануарымен емен-жарқын кездесуге рұқсат.