Алда үлкен саяси науқан келе жатыр. Сондықтан да саяси партиялардың белсенділігі жоғары. Күні кеше билікпен біте қайнасқан «Аманат» тұсауын енді кескен «Әділет» партиясына қосылады. Бұл ұсынысты партия төрағасы Ерлан Қошанов қоштап, делегаттар бірауыздан қолдады. Осылайша мемлекет мүддесі жолындағы ортақ ұстанымдар аясында ұйысуға дайын екендіктерін жеткізді. «Аманаттың» арқалаған жүгі де, ел алдындағы жауапкершілігі енді жаңа партиямен бірге өрілмек. Ал қос саяси құрылым біріккеннен кейін атауы қандай болатыны «Әділет» партиясының алдағы съезінде белгілі болады.