Америкадан жеткен қаралы хабар. Күні кеше АҚШ-та қазақстандық болуы мүмкін адамның мәйіті табылған еді. Бүгін Сыртқы істер министрлігі оның жерлесіміз Әсет Құралбай екенін растады. 24 жастағы жас жігіт екі аптадан бері жақындарымен байланысқа шықпай, Чикагода ізім-ғайым жоғалған болатын. Қазіргі уақытта еліміздің дипломаттары марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста. Оларға құжаттарды ресімдеу және мәйітті Қазақстанға жеткізу үшін қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Әзірге, жерлесіміздің қалай көз жұмғаны белгісіз.