Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Вокзалдар жаңарып, вагондар танымас­тай өзгереді

Алдағы 5 жылда ескірген вагондар мен тозығы жеткен вокзалдарды танымай қалайын деп тұрмыз. Орындықтары сықырлаған, қаптамалары жыртылған, бояуы оңып кеткен құрамдардан құтылатын күн алыс емес. Үкімет мүшелері бүгінгі жиында теміржол саласына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, жаңа жобаларын таныстырды.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Үкімет отырысында теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша назар аударылды. Жылдар бойы жөндеу көрмеген, қабырғалары сөгіліп, сәні кеткен ескі-құсқы вокзалдар қайта түлей бастады. Енді шетелден келген туристі де, алыстан ат терлетіп жеткен ағайын-туысты да ұялмай қарсы алатын күн алыс емес. Қазір республика бойынша 124 вокзалды қамтыған ауқымды жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әйтеуір бәрі оңынан болып, құрылыс сағызша созылып кетпесе, соның 30-ы 1 шілдеге дейін есігін айқара ашады.

ТАЛҒАТ АЛДЫБЕРГЕНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Шілдеде тағы 42 вокзалды пайдалануға береміз. Әрі қарай кесте бойынша. Астана-1, Алматы-2 және Түркістан вокзалдары бойынша тарихи құндылығы ескеріле отырып жұмыс жүргізілуде.

Ал терезесінен жел гуілдеп, есігі сықырлап, іші жазда қапырық, қыста суық болатын вагондар жоқ емес, жетеді әлі. Мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрінің өзі мойындады.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Бүгінде жүк вагондары 54%, локомотивтер 52%, ал жолаушылар вагондары 42% тозған.

Тозығы жеткен вагондардан әйтеуір біртіндеп құтылып жатырмыз. Обалы не керек, бұл бағыттағы жұмыстар құр уәдемен шектелмей, нақты нәтижеге көшіпті. Көлік министрінің айтуына қарағанда, 2030 жылға дейін Қазақстанның пойыздарын танымай қаламыз. 5 жыл ішінде құрамдардың 90 пайызы жаңарады деп отыр.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Сонымен қатар, жолаушылар вагондарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары 650-ден астам вагон жаңартылды. Ал 2030 жылға қарай жаңарту деңгейін 90 пайызға дейін жеткіземіз. Негізгі мақсат – азаматтарды қауіпсіз әрі жайлы теміржол көлігімен қамтамасыз ету.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Бір қуантарлығы, теміржол машина жасау саласы қарқын алып, жаңа белеске көтеріліп келеді. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істеп, 8 мыңнан астам адам нәпақасын тауып отыр. Вагон, локомотив және сан алуан қосалқы бөлшек өндірісі өркендеп, отандық өндірістің тынысы кеңейе түсті. Ең бастысы, әлемдік нарықта атынан ат үркейтін алпауыт компаниялар біздің елге келіп, өз өндірістерін жолға қойды. Бүгінде олардың зауыттарында жүздеген вагон мен мыңдаған теміржолға қажетті бөлшек шығарылуда.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Жалпы осы жылғы бес айда салада вагондардың барлық түрлері бойынша оң динамика байқалуда. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда кемінде 9%-ға, ал жекелеген өнім түрлері бойынша 1,7 есеге өсті.

Иә, жаңаратын тұсы жаңарып, заман талабына сай келмейтін құрамдар шығарылуы керек-ау. Өйткені теміржол саласы – ел экономикасының күретамыры, стратегиялық маңызы зор көлік жүйесі. Бүгінде республикамыздағы жалпы жүк айналымының 57 пайызы дәл осы теміржол көлігіне тиесілі екен.

ТАЛҒАТ АЛДЫБЕРГЕНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

131 млн тонна жүк тасымалданды. Экспорт тасымалы 8%-ға өсіп, 38 млн тоннаға құрады. Оның ішінде шамамен 5 млн тонна астық – 11 пайыз. Транзиттік тасымалда да өсім байқалады. Көрсеткіш 13%-ға жоғарылап, 15 млн тонна болды. ҚТЖ биыл 55 млн тонна транзиттік жүк өткізуге дайын.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Олжас Бектенов Талғат Алдыбергеновтің баяндамасын бастан аяқ тыңдап болған соң, оның жұмысын сынады. Өйткені ҚТЖ басшысы бірқатар бағытта жоспардан қалып келе жатыр екен.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Сіздің алдыңызда транзиттік тасымал көлемін 55 млн тоннаға жеткізу мақсаты тұр. Алайда, жоспардан 30 пайызға артта қалып келесіздер. «Қазақстан темір жолы» 23 млн тоннаның орнына небары 16 млн тонна тасымалдаған. Сондықтан, бұл мақсатты орындау сіздің жеке жауапкершілігіңізде.

Вагондарды жаңарту, вокзалдарды жөндеу – ол өз алдына. Жолаушыларды әлі күнге дейін сарсаңға салатын тағы бір түйткіл бар. Кейбір пойыздар жақын жердің өзін алыс етіп, бәленбай сағаттап, тіпті бірнеше тәулік бойы жол жүреді. Қажеті шамалы станцияларға қайта-қайта аялдап, уақытты ұзартады. Дегенмен, жауаптылар бұл олқылықтың да назардан тыс қалмағанын айтып, бағыттарды оңтайландыру мен жол жүру уақытын қысқарту бойынша нақты шаралар қолға алынғанын жеткізді.

АНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде халықаралық бағыттағы пойыздар бар. Астанадан Омбыға қатынайтын бір пойыз Қазақстан аумағында ғана 22 станцияға тоқтайды. Қазір халықаралық пойыздар шағын станцияларда міндетті түрде тоқтауы қажет пе деген мәселені талқылап жатырмыз. Аялдамалар санын азайтып, осылайша пойыздардың жүру жылдамдығын арттыруға бейімбіз.

Ал билет бағасына келетін болсақ, кейде байқаймыз ғой, пойыздікі аспандап, ұшақтың билеті керісінше арзан болып тұрады. Оның себебін ҚТЖ өкілі тарқатып түсіндіріп берді.

АНУАР АХМЕТЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл 1 сәуірден бастап билет бағасы 7% өсті. Мысалы, осы бағыттағы билет құны шамамен 35 мың теңге болды. Бұл баға қаңтардан желтоқсанға дейін өзгермейді. Ал авиация саласында жағдай басқаша. Кейбір кезеңдерде әуе билеттері осы бағамен бірдей немесе тіпті арзанырақ болуы мүмкін. Алайда сұраныс жоғары маусымда олардың құны 70–100 мың теңгеге дейін жетеді. Өйткені онда динамикалық баға белгілеу жүйесі қолданылады. Ал бізде билет бағасы жыл бойы тұрақты болып қалады.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жиын соңында Үкімет басшысы жауаптыларға шегелеп тұрып тапсырмасын беріп, бұл бағытта нақты нәтижелер күтетінін ескертті. Вокзалдарды жаңғырту жұмыстары қазан айына дейін аяқталуы, ал жаңа вагондар жыл соңына дейін толық жеткізілуі тиіс деді. Жалпы осы теміржол саласына көбірек көңіл бөліп, әрі қарай дамыту керектігін жеткізді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Соңғы бірнеше жыл бойы теміржол инфрақұрылымының дамуы негізінен іске асырылып жатқан жобаларды аяқтауға бағытталып келді. Вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту жоспарлары айқындалды. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажет.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Осылайша Үкімет мүшелерінің бірқатар уәдесін құлақпен естіп, жобаларын көзбен көріп қайттық. Көптен бері айтылып келе жатқан жоспарлар мен нақты мерзімдер тағы бір мәрте шегеленді. Ендігісі уақыт еншісінде.

← Барлық жаңалықтар