Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 17 қаралым

Қытаймен алыс-беріс артты

Қытай назарын Орталық Азияға бұрды. Себебі аймақтағы мемлекеттермен сауда-саттық пен мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Бір ғана мысал: Бейжіңнің Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен алыс-беріс көлемі тарихта алғаш рет 100 млрд долларлық межені бағындырды. Алдағы уақытта шығыстағы көршіміз бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға ниетті. Бүгін бас қалада Қазақстан мен Қытай инвесторлары тағы да бас қосты. Алқалы жиынды өткізуге Бейжіңнің Гонконг әкімшілік ауданы мұрындық болды. Аймақтың беделді ағылшын тіліндегі басылымы елімізге ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Себебі жаздың басында Гонконг басшысы Джон Ли Астанаға арнайы делегацияны бастап келген еді. Міне, осы форум сол сапардың жалғасы іспетті.

ЧЭН КЭФАНЬ, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КЕҢЕСШІ-ЕЛШІСІ:

Қытай Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті. Ол үшін аймақтарда осындай кездесулерді жиі өткізіп жатырмыз. Ал біздің Орталық Азиядағы ең басты серіктестеріміздің бірі – Қазақстан. Биыл сауда-саттық көлемі алғаш рет 100 млрд доллардан асып түсті. Қомақты соманың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі екені сөзсіз. Бүгінгі жиынға бір ғана Гонконг әкімшілік ауданынан 100-ден астам компания өкілдері арнайы келді. Бұның өзі жақсы бастама.

Шараға қатысушылар пленарлық кездесулерде инвесторларды тарту, транспорттық және цифрлық инфрақұрылымдарды дамыту, тау-кен өндірісі мен энергетика тақырыптары бойынша пікір алмасты.

← Барлық жаңалықтар