Енді барлық банкке ортақ QR болады. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақстандықтар кассада есеп айырысқанда өзіне қажетті QR-кодты сұрап, әуреленбейді. 19 шілдеден бастап барлық банк Банкаралық мобильді төлем жүйесіне қосылады. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр екен. Бұл ақжолтай жаңалықты Сенатта Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов жеткізді. Осының арқасында қазақстандықтар бір ғана QR-кодты пайдаланып, кез келген банктің қосымшасы арқылы төлем жасай алады. «Комиссия мәселесіне келсек, тұтынушылар үшін ештеңе өзгермейді. Олар комиссия төлемейді», — деді бас банкир. Оның айтуынша, бір жағынан бұл сауда саласында еңбек ететін бизнес үшін өте ыңғайлы, клиенттерінің қатарын көбейте алады.