Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Әлемдік инвесторлар Шымкентте бас қосты

Төрткіл дүниенің назары Шымкентте. Себебі үшінші мегаполисте 9-жаһандық инвестициялар форумы өтті. «Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы кездесуге әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам шетелдік инвестор қатысты. Оның басым бөлігі – ірі компаниялардың бірінші басшылары. Елімізге шетелдік инвесторлардың таңдауы түсіп отырғаны бекерден-бекер емес. Себебі Қазақстан – Орталық Азия мен Еуразия аумағындағы инвестициялық ахуалы жоғары елдердің бірі.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Былтыр еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, 300 млрд доллардан асты. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл бұл көрсеткіш 360 млрд долларға жетеді. Үкімет стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға бағытталған ұсынысқа әрдайым ашық. Жетекші шетелдік компаниялардың жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанды таңдауы – біз үшін қуанарлық жағдай.

Жыл сайын Астанада өтетін әлемдік деңгейдегі форум биыл Шымкентте алғаш рет өткізілді. Себебі шаһарға былтыр 860 млрд теңгеге тікелей инвестиция тартылыпты. Сонымен қатар мегаполистің экономикасы 11 пайызға өскен. Бұл – Қазақстан бойынша 2-орындағы көрсеткіш. Бұл, өз кезегінде, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізген. Форум аясында жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын 20-дан астам инвестициялық құжатқа қол қойылды. Келісім цифрландыру, ауыл шаруашылығы, логистика, инфрақұрылым және жаңа энергия көздері бағытын қамтиды.

← Барлық жаңалықтар