Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Енді шекарадан 10 секундта өтуге болады

Енді шекарадан 10 секундта өтуге болады. Жетісу облысындағы Қорғас бекетінде «QGate» деп аталатын бақылау жүйесі сынақтан өтуде. Цифрландырудың нәтижесінде мыңдаған турист пен кәсіпкер алтын уақытын үнемдей алады. Тың технологияның сауда мен туризмге түрен салатын түрі бар ма?

Қорғас – Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық ынтымақтастық орталығы ретінде құрылған. Орта есеппен күн сайын шекарадан 5 мыңға жуық адам өтеді. Кезекті азайтып, уақытты үнемдеу мақсатында бақылау бекетінде цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр.

СЕЙІЛБЕК САДЫРБАЙ, «ҚОРҒАС» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жүйенің негізгі артықшылықтары – ешқандай шекара қызметінің қатысуынсыз бақылауды жүзеге асырады. Және де өту процесін оңтайландырады. Ең басты ерекшеліктерінің бірі – бұл өту уақытын азайтады.

Екі ел арасында халық 30 күнге дейін визасыз режимде қатынай алады. Бірі кәсібін дөңгелету үшін барса, енді біреулер туристік бағыт ретінде қарайды. Таңдау әркімнің өз еркінде.

МҰРАТ МӘДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

2025 жылы орталыққа 2 млн-ға жуық адам келіп, билет сатудан түскен кіріс көлемі 3,1 млрд теңгені құрады. Бүгінде Қорғас ірі сауда алаңы ғана емес, шоппинг туризмінің танымал бағыттарының біріне айналып келеді. Орталықтың аумағында 7-ден астам ірі сауда кешені мен 2500-ден астам бутик жұмыс істейді.

Әрбір азамат айына бір рет 25 келілік немесе 500 еуроға дейінгі тауарды баж салығынсыз кеденнен өткізе алады. Ал белгіленген лимиттен асса, арнайы құжаттарды рәсімдеу қажет. Кәсіпкерлердің айтуынша, автоматтандырылған жүйе енгізілгеннен кейін бұл үрдіс едәуір жеңілдеген.

ҚАНАҒАТ НҰРБОЛ, КӘСІПКЕР:

Шыны керек, бұрынғы кездері сауданы кедендік рәсімдеуден өткізгенде кедергілер болатын. Кедергі болғанда құжатты рәсімдеу, барлығы уақыт алатын. Қазір соңғы 2-3 жылда цифрландыру дәуіріне өткеннен кейін, құжаттарды жинау, кедендік рәсімдеу алдын ала онлайн түрде жасағаннан кейін бізге, барша саудагерлерге, осы төңіректегі қызметкерлерге өте оңтайлы шешім.

Айта кетейік, цифрландыру жүйесі қазіргі уақытта сынақ режимінде жұмыс істеуде. Жоба сәтті болса, оны басқа өңірлерде де қосу жоспарланып отыр.

← Барлық жаңалықтар