Отандық бизнес мемлекетке тәуелді болып барады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Жоғары палата спикерінің сөзінше, бүгінгі таңда кәсіпкерлік сектордың басым бөлігі мемлекеттік бюджетпен тікелей байланысты болып отыр. Сенатта өткен Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау кезінде депутаттар маңызды мәселе көтерді. Сенаторлардың сөзінше, былтыр кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 195 млрд теңге бөлінгенімен, оның жартысынан астамы кепілдендіру мен субсидиялауға бағытталған. Алайда, бұл қаражаттың экономиканың өсуіне тиісті деңгейде әсер етпей отырғаны байқалады екен. Сенат төрағасы мемлекеттік қолдау тетіктерінің тым көп екенін және олардың тиімділігін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президент Тоқаев бюджетті формалды игеру тәсілінен көшу туралы үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы қаражатты тек азаматтарымыз бен ел экономикасына нақты пайда әкелетін жобаларға бағыттау қажет екенін де бірнеше рет атап өтті. Бүгінгі талқылауда бюджеттік процестің сапасын арттыру үлкен жауапкершілікті, орындау тәртібін және нақты нәтижелерге бағдарлауды талап ететінін көрсетті.