Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Балқан түбегінен қадірлі қонақ келді

Бүгін Қазақстанға Балқан түбегінен қадірлі қонақ келді. Астанаға ресми сапармен ат басын тіреген Черногория Президенті Яков Милатовичті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрметпен қарсы алды.

Салтанатты рәсімнен соң екі елдің ресми делегациясы келіссөз үстелінде бас қосты. Тараптардың көздегені – саяси диалогты нығайтып, серіктестіктің жаңа тарауын ашу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Подгорицада Қазақстанның Бас консулдығының жұмысын бастауы екіжақты ынтымақтастықтың айқын дәлелі. Ендігі кезекте Астанада Черногорияның дипломатиялық миссиясын құру мен парламентаралық байланысты күшейту жоспары тұр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары жоғары деңгейдегі саяси байланыстарымыз жүйелі сипат алып, екіжақты ынтымақтастық жаңа қарқынмен дамып келеді. Оның мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді. Қазақстан нарығына кіруге ниетті черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңіз үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.

Сонымен қатар қос тарап сауда-саттық, туризм, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы мен цифрландыру саласын ширатуға да ден қоймақ. Бұл бастамалар халықтарымыздың достығы мен өзара сенімін нығайта түсері анық. Өз кезегінде Черногория Президенті бұл сапарды екіжақты дипломатиялық байланыстың 20 жылдығындағы символикалық маңызы бар кездесуге балады.

ЯКОВ МИЛАТОВИЧ, ЧЕРНОГОРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сауда палаталары арасында қол қойылатын өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын. Қазақстан визасыз режим қолданылатын елдердің қатарына кіреді. Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту да басты орында. Осы орайда Мемлекет басшысы бір жыл бұрын Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға қолдау көрсеткені үшін мәртебелі мейманға алғыс айтты. Кездесу соңында лидерлер өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

← Барлық жаңалықтар