Шымкентте бір күнде екі нысан өртенді. Оның бірі Исфиджаб тұрғын алабында тіркелді. Тілсіз жау қойманың шатырын шарпып, күлін көкке ұшырған. Жалын сол төңіректегі дизель отыны мен резеңке бұйымдарға тараған. Өрт сөндіру кезінде түрлі кедергілер болған. Оқиға салдарынан екі адам күйіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
МАДИНА ЕРМАХАНБЕТОВА, Т. ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ГИПЕРБАРИЯЛЫҚ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
1968 жылғы азаматтың беті мен қолдары, аяқтарының 16 пайызы күйген. Ал 1982 жылғы азаматтың екі қолы, аяқтарының көп бөлігі күйген. Жеткізілген кезде науқастардың жағдайы орташа дәрежелі ауырлықта болды. Сол себептен біз оларды жансақтау бөліміне емес, күйік бөліміне жатқыздық.
Қоймадағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылды. Осы кезде құтқарушыларға тағы бір шақырту түскен. Ақжайық шағынауданындағы жеті қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Түтін басқан подъезден 36 тұрғын, оның ішінде алты бала эвакуацияланды. Қазір екі оқиғаның шығу себептері анықталып жатыр.