Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Каспий теңізі неге тартылып барады?

Табиғаттың тосын мінезі мен климаттың өзгеруі бүкіл әлемге ортақ қауіпке айналды. «Аралдың суы молайды» деп алақайлап жүргенде, енді қарт Каспийдің жағасы кері шегініп, көз алдымызда құрғап барады. Теңіздің тартылған тұсы әбден жалаңаштанып, жұрт суға жету үшін талай метрді жаяу басуға мәжбүр. Құс ұшар биіктен қарағандағы сұрықсыз көрініс көңіл қынжылтады. Әлемдегі ең ірі тұйық көлдің бұлай тартылуына не себеп? Экологтар мен шенеуніктер Маңғыстау төсіндегі теңдессіз байлықты құтқарып қала ала ма?

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Әлемдегі ең тұйық көл – Каспий теңізінің жағалауындамыз. Алайда бүгінде бұл бірегей су айдыны көз алдымызда кішірейіп барады. Соңғы жылдары мұндағы су деңгейі күрт төмендеп, жағалау сызығы кей тұстарда бірнеше шақырымға кейін шегініп кеткен. Мамандар дабыл қаққан бұл экологиялық мәселенің артында қандай қауіп төніп тұрғанын біз зерттеп көрдік.

Бұл табиғи апаттың зардабын ең алдымен жергілікті халық сезініп отыр. Толқыны тасыған қарт Каспийдің бұрынғы бейнесін еске алған қала тұрғындары теңіздің көз алдында үлкен жылдамдықпен қашып бара жатқанын айтады.

АСЫЛБИКЕ АХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біздер енді Ақтау қаласының тұрғынымыз ғой. Неше жылдан бері осы жерде тұрамыз. Тартылып жатқаны рас. Оны өздеріңіз де көріп тұрған шығарсыздар. Тартылғанда анау-мынау емес, біраз метрге тартылған. Жұмыс жасап жатқан қайықтағы балаларға да обал болып жатыр. Осы жерге дейін теңіз болатын еді. Қаншама тартылғанын құм төккенінен-ақ біле беріңіз енді.

Тұрғындардың сөзін ғалымдар да растайды. Мамандардың айтуынша, теңіздің тереңдігі әртүрлі болғандықтан, таяз бөлігінде орналасқан Қазақстан өзге аймақтарға қарағанда әлдеқайда осал болып тұр. Осы жаһандық мәселені жүйелі зерттеу үшін Ақтау қаласында былтыр Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды. Орталық теңіздің экожүйесін, су деңгейінің өзгеруін және климаттық факторларды жіті қадағалайды.

БАЛЖАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ҚАЗАҚ КАСПИЙ ТЕҢІЗІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Каспий теңізі тартылған кезде бес мемлекеттің ішінде ең бірінші соққыға түсетін мемлекет – Қазақстан. Неге? Себебі Каспий теңізінің тереңдіктері әртүрлі болуына байланысты ең таяз жерде орналасқан Қазақстан бірінші зардап шегеді. Қазірдің өзінде көріп тұрғаныңыздай, 2000-2025 жылға дейін осы қазақстандық сектордың өзінде 16 мың шаршы км теңіз деңгейінің тартылуынан сор жер пайда болған. Яғни жағалық сызық бөлігінің шегінуі анықталған.

Жағалау сызығы бірнеше шақырымға шегінгендіктен, енді жалаңаштанған жаңа аумақтардың тағдыры не болмақ деген сұрақ туындайды. Мәжіліс депутаттары бұл жерлерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтады. Сонымен қатар, халық қалаулылары Каспийдегі экологиялық қауіпсіздікті бақылайтын жүйеге қатысты да алаңдаушылық білдірді.

ДҮЙСЕНБАЙ ТҰРҒАНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Теңіз тартылған сайын бұрын су астында болған аумақтар құрлыққа айналып жатыр. Енді бұл жерлерде мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Бірақ ол үшін алдымен жаңа аумақтардың құқықтық мәртебесін анықтап, заң жүзінде рәсімдеу қажет. Каспий теңізіндегі экологиялық қауіпсіздік мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді.

Депутаттар теңізді тұрақты бақылайтын жүйе жоқ деп дабыл қаққанымен, Ақтауда жаңадан құрылған Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты бұл мәселені қазірдің өзінде қолға алған. Ғылыми орталық соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталып, заманауи технологиялар теңіздегі ең кішкентай өзгерісті де қалт жібермей тіркеп отыр.

МЕРЕКЕ ӘБДІРАХМЕТОВ, ҚАЗАҚ КАСПИЙ ТЕҢІЗІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТЕҢІЗ ЖАСАҒЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Желдің бағытын, жылдамдығын, ауаның температурасын, ылғалдылығын, атмосфералық қысымды және жауын-шашын мөлшерін көрсететін құрал автоматты түрде 24 сағат үзілмей жұмыс жасап тұрады. Бұл арқылы біз теңіз жағалауының климатын зерттейміз, климатты болжайтын боламыз. Суды зерттейтін, оның гидрологиясын зерттейтін, климатты зерттейтін ақпараттық лаборатория Қазақстанда бірінші рет деп айтуға болады.

Экожүйе жіті бақылауда десек те, теңізді сақтап қалу үшін оған құйылатын судың көлемі маңызды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, соңғы уақытта жағдай біршама тұрақталған сыңайлы.

ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ:

Соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілген. Оның ішінде шамамен жартысы – 17 млрд текше метрден астам су 2024 жылы тіркелген ауқымды су тасқыны кезеңіне тиесілі. Ал 2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метр су бағытталды.

Десе де экологтар көктемгі тасқын есебінен келген су мәселені түбегейлі шешпейтінін, бұл тек уақытша құбылыс екенін ескертеді. Сарапшылар теңізді толтырудың жүйелі әрі сенімді балама жолын ұсынып отыр.

ОРЫНБАСАР ТОҒЖАНОВ, ЭКОЛОГ:

Бұл Еуразия каналы деп аталады. Каналдың ұзындығы 780 км. Бұл ойпат пен ежелгі кездегі Каспий мен Азов қосылып жатқан ойпат. Осының ең биік жері 23 метр, Балтық теңізі деңгейімен салыстырып қарағанда. Егер бұл канал қазылатын болса, су өзінің екпінімен Каспийге келіп құйылады. Аса көп құйылып кетпеуі үшін шлюздармен реттеуге болады.

Әлбетте, мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін бір ғана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз. Каспий – бес елге ортақ байлық болғандықтан, мәселені шешу де халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Сәуір айында Астанада өткен өңірлік экологиялық саммитте көршілес мемлекеттер бұл бағытта бірлескен жұмыстарды бастап кеткенін мәлімдеді.

ӘЛИ АСАДОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі – өңір алдында тұрған ең күрделі сын-қатерлердің бірі. Осы мәселеге қарсы әрекет ету үшін Әзербайжан Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықты жүйелі түрде нығайтып келеді. Біздің бастамамызбен Қазақстан, Ресей және Түрікменстанмен Каспийдің тартылу себептерін зерттеу және оған қарсы шаралар әзірлеу үшін екіжақты жұмыс топтары құрылды. Климаттық өзгерістерге жауап ретінде Әзербайжан жасыл энергетиканы дамытуға басымдық беріп отыр.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Каспий бес мемлекеттің шекарасын ғана емес, тағдырын да байланыстырып тұрған алып айдын. Сондықтан бұл экологиялық апатпен жалғыз күресу мүмкін емес. Теңіздің тартылуы адамзат үшін үлкен уайым болса, судағы тіршілікке нағыз қасірет. Ендеше көк айдынның асау толқыны келмеске кетпеуі үшін, бес ел болып барымызды салуымыз керек.

← Барлық жаңалықтар