Қазақстанның мұнайын қырғыздар сұрап жатыр. Бұған дейін Алатаудың арғы жағындағы ағайын қажетін қалағанынша Ресейден сатып алып, қара алтынға мұқтаж болмаған еді. Ал қазір Мәскеу өзгеге бермек түгілі, өзіне жеткізе алмай жатқан сияқты. Сондықтан бізге ресми сұрау салыпты. Бірақ қанша сұрап отыр? Ішкі нарықта тапшылық туындап, өзіміз аузымызды қу шөппен сүртіп қалмаймыз ба?
Қазақтың мұнайы талайдың тығырықтан шығар жолы болып тұр қазір. Қара алтынға қол жайғандардың бірі Қырғызстан екен. Дегенмен біздің ел көршіге көмек беруге асығар емес. Ішкі нарықтың тұрақтылығын барлап, айыр қалпақты ағайынның ұсынысын аңдап көрмек. Ал Ресей ресми сұрау салмапты әлі. Дегенмен жауаптылар шекарадағы шиеленісті шешуге күш салып жатыр екен.
ҚАЙЫРХАН ТҰТҚЫШБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Жүк көліктері болсын, жеңіл көліктер болсын тәулігіне бір реттен аса біздің мемлекетке кіріп-шыға алмайды. Біздің отандық мұнай өндіру зауыттары штаттық түрде жұмыс жасауда. Сәйкес жанар-жағармай баланстары қалыптастырылған. Сондықтан қазіргі таңда біздің ішкі нарықта қандай да бір жанар-жағармай дефициті болады деген сөз шындық емес.
Өзгенің өзеуреп жатқанда, ішкі нарықтағы баға аспандап кетпей ме деген сұраққа Қайырхан Тұтқышбаев «қымбаттамайды» деп кесіп айтты. Үкімет отырысында мұнаймен қоса газдың да жайы сөз болды. Қазір Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Тауарлық газға сұраныс артқан соң ірі компания сауырына қамшы сала бастапты. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» газ өндірісін екі есеге жуық арттырмақ.
АСХАТ ХАСЕНОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Қазіргі таңда 73 млрд текше метр қорлары бар кен орындарын игеруге енгізіп жатырмыз. Жобаларды жүзеге асыру кезінде газды кен орындарына жақын орналасқан газ өңдеу зауыттарында өңдеу мүмкіндіктері ескеріледі. Мұндай кластерлік тәсіл кен орындарын іске қосу мерзімін қысқартып, инфрақұрылымға кететін шығындарды азайтады.
Қақаған қыс келсе көмірге күні қараған солтүстіктің жұртын табиғи газбен қамту жайы қаузалды. Ол үшін «Есім – Астана» магистральдық газ құбырын аяқтау қажет екен.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын газдандыру жобаларды уақытылы қаржыландыруды, сондай-ақ Есім – Астана магистральды газ құбыры жобасы табысты іске асқан жағдайда елді газдандыру деңгейі 2035 жылға қарай 64,2 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Ал баяндамаларды бастан-аяқ тыңдаған Олжас Бектенов басталған жобалар орта жолдан тасталмасын деп апта сайын бақылауды тапсырды. Содан соң газбен қамтамасыз етуді «құбыр тарту» деп түсінетін әкімдерге қатаң ескерту жасады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Өңір әкімдіктеріне магистральдық инфрақұрылым нысандарын іске қосу мерзімдерін жергілікті газ тарату жүйелерінің дайындығымен үйлестіру қажет. Бұл ретте тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер санымен өлшенуі тиіс.
Ішкі сұраныс артып, көрші елдердің күні түскен шақта мұнай мен газ қорын ұлғайту аса маңызды қадам болмақ. Сондықтан есеп беруге келгенде алдына жан салмайтын жауаптылар жұмысты да жанын салып істейді деп сенейік.