Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Аспанда аурухана пайда болды

Алматыға ұшатын госпиталь жеткізілді. Қытайда құрастырылған заманауи медициналық әуе кемесі енді аспанда тек науқастарды тасымалдап қана қоймай, қажет болса тікелей бортта да ота жасай алады. Оның ішінде керектінің бәрі бар. Операциялық бөлме, диагностика кабинеті, тіпті телемедицина жүйесі орнатылған. Күрделі жағдайда мамандар алыстағы әріптестерімен байланысқа шығып, жедел кеңес ала алады. Бұл ұшақ жуырда Қазақстан-Қытай тауар көрмесі аясында көпшілікке таныстырылды.

БАҚЫТЖАН ОМАРОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

Әлемде алғаш рет әзірленген China C909 инновациялық медициналық платформасы Қытай мен Лаостағы миссияларын сәтті аяқтап, ынтымақтастық саласында өзінің жоғары тиімділігі мен құндылығын көрсетіп, алға қарай жылжуда. Бұл бағдарлама медицина саласындағы Қазақстан ынтымақтастығын тереңдету үшін маңызды платформа болады деп шын жүректен үміттенеміз.

Биыл ғана Қытайда пайдалануға берілген бұл бірегей әуе кемесі әсіресе көз және құлақ, мұрын, тамақ ауруларына жедел ота жасауға бейімделген. Білікті мамандардың пайымынша, осы әуе госпиталі медициналық инфрақұрылымы тұралаған, сапалы көмектен кенде қалған шалғай өңірлер үшін тиімді болады. Осылайша, Алматы төріндегі ресми таныстырылым қос алпауыт елдің денсаулық сақтау саласындағы өзара тәжірибе алмасуына тың серпін беріп отыр.

ЧЖОУ СИНЬТАО, ФУДАНЬ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОФТАЛЬМОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл ұшақты қазақстандық дәрігерлер толықтай аралап көрді. Біз оның барлық мүмкіндігін көрсетіп, әр жүйесінің қалай жұмыс істейтінін таныстырдық. Осы тәжірибе арқылы болашақта Қазақстандағы көз ауруларына шалдыққан көптеген науқасқа сапалы көмек көрсете аламыз деп сенеміз. Орталық Азиядағы бірегей жоба Фудань университетінің офтальмологиялық және отоларингологиялық ауруханасы, Қытайдың коммерциялық авиация корпорациясы және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің серіктестігімен ұйымдастырылды.

← Барлық жаңалықтар