Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 7 қаралым

Қос үйдің тұрғындары қоқыс жәшігіне таласып жүр

Қала көркейген сайын, кейде қарапайым мәселелердің өзі күрделеніп кететіні бар.  Мәселен, Астанада тұрмыстық қалдықтар тастайтын орын екі үйдің тұрғындары арасында даулы мәселеге айналды. Оған басты себеп: қоқыс жәшіктерінің дәл мектептің кіреберісінде орналасуы. Оның үстіне тұрғындар ауыр жүк көліктері оқу ордасының іргесімен өтіп, балалардың амандығына қауіп төндіреді деп алаңдайды.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

«Каспиан Палас» пен «Нұр Қанат» тұрғындары 15 жыл бойы айрандай ұйып, арасынан қыл өтпеген. Қоқыс тастайтын орындары да ортақ еді. Таяуда осы маңнан бизнес нысаны бой көтеріп, ұзақ өмір сүру орталығы ашылғаннан кейін қалдық тастайтын жерді ауыстыруға тура келген. Өздері үйінің арғы бетінен орын тапқан «Каспиан Палас» тұрғындары көршілерін мына контейнерлерді мектептің дәл іргесіне заңсыз орнатты деп айыптап отыр.

Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп бұл. Білім ордасының қарсы алдындағы көрініс көңілге кірбің түсіреді. Тұрғындар әрі-бері өткен сайын қолқаны қабатын иісті жұтуға мәжбүрміз, дейді.

АЙГҮЛ МАРАТҚЫЗЫ, «КАСПИАН ПАЛАС» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл мәселе жаздың басы болатын болса, енді жаз аяқталып келеді. Бүкіл жаз бойы осы қоқыстардың жанында балалар өтіп жатыр. Енді баланың саны көбейеді. Ол мыңдаған бала. Бір емес. Мыңдаған бала осы қоқысты үйге апарып, мектепке апарып, үйге әкелу ол гигиена, антисанитария ретінде, ең бастысы бұл баланың денсаулығына нашар келеді.

Ал көршілерінің өз уәжі бар. «Нұр Қанат» тұрғындарының сөзінше, айналада қолайлы орын болмаған соң, бұл жәшіктер уақытша қойылған.

ҚАНАҒАТ ҚАЖЫҒАЛИҚЫЗЫ, «НҰР ҚАНАТ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз контейнерлерді «өзім білемдікке» салып, әкеліп қойған жоқпыз. Бізге ыңғайлы орын тапқанша әкімдік рұқсатын берген еді. Біздің де балаларымыз осы мектепке барады. Қоқысты басып жүргенін біз де қаламаймыз. Негізі бұл үйлерді салғанда тұрмыстық қалдықтарды апаратын жер қарастырылмаған.

Талап бойынша, тұрмыстық қалдықтар тастайтын орын тұрғын үйден кемінде 25 метр алшақ тұруы тиіс. Мұнда маңайдағы әлеуметтік нысандар жапсарлас орналасқандықтан, талапқа сай орын табу мүмкін болмай жатқан көрінеді.

ҒАЛИЯ МЕЛДЕБЕКОВА, «НҰР ҚАНАТ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Екі балалар бақшасы бар. Одан кейін спортивный площадка бар. Футбол ойнайтын жер. Тығыз. Ол жерде ешқандай орын жоқ. Сол себепті біз осы тұрғындар болып, Нұр Қанат тұрғындарының сұрауы бойынша, бұрынғы өзінің тұрған жерінде тұрса екен деп, біз соны сұрап отырмыз.

Дауға айналған мәселенің мәнін әкімдіктен сұрадық. Жергілікті атқарушы орган өкілдері жағдайдан толық хабардар. Тұрғындар келісіміне келе алмауынан, түйін тарқамай отыр, дейді құзырлы бөлімнің басшысы. Ол түйткілді таяу арада шешіп береміз, деп сендірді.

ЖАСҰЛАН ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ЕСІЛ АУДАНЫ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Екі үйде бөлінгеннен кейін айтылды оларға. Орын табыңыздар. «Нұр Қанат» пен «Каспиан Паласқа» да айтылды. Бірақ екі үй тұрғындары бір-бірімен келіспей жатыр. Мемлекеттік жер бар сол екі үйдің ортасында. Мектеп алаңының қоршауының қасында. Бірақ кіреберісінде емес. Бұрынғы тұрған жеріне қарама-қарсы тұрады.

Осылайша, мектепке келгендерді қарсы алатын қоқыс жәшігі алдағы аптада алынып тасталмақ. Демек, ата-аналардың жаңа оқу жылында балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдамауларына болады. Екі үй арасындағы дауға да осымен нүкте қойылады деп сенеміз.

← Барлық жаңалықтар