Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Қазақстан ШЫҰ-ға нақты жобалар ұсынды

Бішкекте әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтті. Бішкекте әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтті. Алқалы жиында Қазақстан қауіпсіздік, сауда, көлік-логистика, инвестиция және жаңа технология салаларына қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Бастамалардың ел экономикасы үшін маңызы қандай? Президенттер кездесуінде тағы не айтылды?

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Дәл осы жерде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары бас қосады. Келіссөз үстеліндегі басты тақырыптар – қауіпсіздік, сауда, көлік дәліздері және технологиялық әріптестік. Қазақстан үшін маңыздысы – ортақ шешімдерді нақты жобаларға, ал географиялық мүмкіндікті экономикалық артықшылыққа айналдыру.

Бұдан 25 жыл бұрын алты мемлекет бірігіп құрған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бұл күнде өрісі кеңейген. Бертін келе Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь қосылып, мүше елдердің саны онға жетті. Бүгінде ШЫҰ Еуразияның басым бөлігін және әлем халқының жартысына жуығын қамтиды. Бішкекте өткен мерейтойлық саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси бәсеке күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім әлсіреген тұста ұйымның маңызы арта түскенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда біздің Ұйымның маңызы арта түседі.

Қазақстан ШЫҰ жұмысын жандандыратын бес басым бағыт ұсынды. Біріншісі – қауіпсіздікті нығайту. Президент әскери тәуекелдерді азайтып, қарулану жарысын тежеу үшін министрлер деңгейінде конференция өткізу керек деп санайды. Екіншісі – сауда мен инвестицияны дамыту. Бұл үшін кедергілерді азайтып, индустриялық консорциумдар мен трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосу қажет. Ал үшінші бағыт – ортақ жобаларды қаржыландыратын толыққанды инвестициялық жүйе құру.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ:

Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын.

Төртінші бағыт – Еуразияның көлік-логистикалық байланысын күшейту. Қазақстан халықаралық дәліздерді өзара ұштастыруды, кеден рәсімдерін цифрландыруды және ШЫҰ-ның Бірыңғай транзиттік цифрлық платформасын құруды ұсынды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның географиялық орны бұл бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

ЧЖАО ЮНЬФЭЙ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды транзиттік хаб қызметін атқарады. Өйткені ел өте маңызды логистикалық және стратегиялық нүктеде орналасқан. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы транзит пен байланысты қамтамасыз ететін негізгі тірек саналады. Сондықтан “Бір белдеу, бір жол” аясында Қытай – Орталық Азия және Қытай – Еуропа теміржол бағыттары бойынша ынтымақтастықтың маңызы зор. Бұл байланысты қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлі ерекше.

Бесінші басымдық – жаңа технология. Президент ШЫҰ елдерінің университеттері, ғылыми орталықтары мен компанияларын біріктіретін жасанды интеллект орталықтарының желісін құру бастамасын көтерді. Саммиттен кейін келіссөздер «ШЫҰ+» форматында жалғасты. Кеңейтілген құрамда қауіпсіздік, халықаралық құқық, орнықты даму және өзара тиімді әріптестік мәселелері талқыланды. Саммит қорытындысында Бішкек декларациясы қабылданып, ұйымның алдағы жұмысына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Қазақстан ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін мәлімдеді.

← Барлық жаңалықтар