Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 35 қаралым

Вице-президент пен Премьер-министр тағайындалды

Апта тағайындаулардан басталды. Құрылтайдағы депутаттар Ерлан Қаринді еліміздің вице-президенті лауазымына тағайындауды қолдап, дауыс берді. Ал Үкіметті тағы да Олжас Бектенов басқаратын болды.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Еліміз жаңа саяси кезеңге аяқ басты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында айтты. Сөз басында Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды. Президент оның мемлекеттік басқару саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысқанына тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ерлан Қарин елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде жылдар бойы мемлекеттік басқару саласында жұмыс істеді. Оны кең көзқарасты, мол тәжірибесі бар және нағыз патриот деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыруға белсенді қатысты. Ол мемлекеттің стратегиялық бағыты мен даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан мен Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеген Олжас Бектеновті сол орнында қалдыруды ұсынды. Президенттен кейін сөз алған Құрылтай депутаттары қос кандидаттың кәсіби білімі мен тәжірибесіне тоқталып, ел игілігі жолында аянбай тер төгетініне сенім білдірді.

НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Сондықтан да вице-президент лауазымының енгізілуінің маңыздылығы жоғары болып отыр. Бұл елдің дамуына тың серпін беріп, мемлекет басшысы белгілеген бағдардың жүйелі түрде іске асырылуына жол ашады. Осы орайда аталған жауапты қызметті тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары, мемлекетшіл тұлғаның атқаруы ерекше маңызға ие. Оның бай тәжірибесі, кәсіби біліктілігі ел алдында тұрған мақсаттарға қол жеткізу, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосуына мүмкіндік береді деп сенеміз.

Осылайша халық қалаулылары екі кандидатураны да қолдады. Дауыс беруге қатысқан 145 депутаттың 141-і Ерлан Қаринді жақтаса, Олжас Бектеновті 137 депутат қолдады.

Қатысып отырғандар 145, дауыс бермегендер жоқ. Жақтағандар 141. Қарсылар жоқ. Қалыс қалғандар төртеу. Шешім қабылданды.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Өз кезегінде Ерлан Қарин Қазақстанның болашағы үшін талмай еңбек етуге уәде берді. Сөз басында Мемлекет басшысына артқан сенімі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ соңғы 5-6 жылда еліміз қай жағынан болмасын айтарлықтай өзгергенін айтты. Көптеген салада болып жатқан ауқымды өзгерістерге халықтың куә болып отырғанын да жеткізді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын бір сөз бар: әрбір азамат үшін елге қызмет ету — үлкен бақыт әрі зор мәртебе. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтамын. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін. Қадірлі қауым, жаңа Конституциямен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталды.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Ендігі мақсат — Жаңа Конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмірде негізгі қағидатымызға айналдыру. Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі саяси реформалар еліміздің ертеңі үшін маңызды шешімдер. Жиын соңында Ерлан Қарин осы тарихи сәтте барлық ел азаматтарын Президентіміздің айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла түсуіне шақырды.

← Барлық жаңалықтар