Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 1 қаралым

Төрт мемлекеттің біріміз

Еліміздің өндірістік әлеуеті өркендеп келеді. Озық технологиялар алпауыт зауыттардың жұмысын жеңілдетіп, ел экономикасының негізгі драйверіне айналуына себепші болды. Мәселен, Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» өзінің жеті жүзінші тепловозын құрап шығарды. Айналасында 1400 адам қызмет қылатын кәсіпорынның даму қарқыны қандай?

Локомотив шығаратын әлемде төрт қана ел бар: АҚШ, Бразилия, Үндістан және Қазақстан. Бүгінде алпауыт кәсіпорынның қызметі қарқынды, шығарған өнімі шетелде де тартымды екен. Өйткені Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан секілді бірқатар мемлекеттер біздің тепловоздарды сатып алып, тірлігін тындырып отыр. Зауыт та заман ағымына қарай тоқтаусыз дамып келеді.

АЗАМАТ ЮСУПОВ, «ЛОКОМОТИВ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫ» АҚ ДАЙЫНДАУ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Жаңа технологиялар кіріп жатыр. Жаңа инженерлік орталығымыз ашылып жатыр. Инженерлерге өте ыңғайлы. Қазіргі заман — дамыған заман ғой. Компьютерлік, цифрлық жасанды интеллекттен өте үлкен көмек болып жатыр. Қағаз жұмыспен көп жұмыс істемей, өндірісте бізде электрондық жұмыстар.

Ал сапасы жөнінен техникалар ТМД-да теңдессіз саналады. Бүгінде технологиясы тау асқан елдермен теңесу үшін басқаруды оңтайландыруға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Отын шығынын азайту мен қауіпсіздікті арттыру — басты меже. Ал мақсатқа жету үшін Нұрболат Мұқашев секілді мамандар тынбай еңбектенеді. Технологтың бар ойы — өндірістік процестерді жетілдіруге күш салу.

НҰРБОЛАТ МҰҚАШЕВ, ЖЕТЕКШІ ТЕХНОЛОГ:

Еңбек жолымды осы арбашылар жинау цехында білдекші болып бастағанмын негізінде. Осы жерде артымда тұрған порталдық білдекте механикалық өңдеумен айналысамын. Университетте алған білімімді осы жерде іс жүзінде қолдануға жақсы мүмкіндік алғанмын. Әр жұмыс қиын ғой. Оңай жұмыс жоқ. Бәрін де үйреніп-білуге болады.

Локомотив құрастыру зауытының дамуы елорданы ауқымды индустрияландыру аясында жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың бастапқы алты айында 2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Алып техниканың бөлшектерін толығымен Қазақстанда шығару үшін қарқынды жұмыс жүріп жатыр.

РАУАН ДОНСЕБАЕВ, «ЛОКОМОТИВ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫ» АҚ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жыл сайын біз өзіміздің локализацияны үлкейтіп жатырмыз. Өзіміздің мүмкіндіктерге сай. Қазіргі таңда локализация жөнінде дизель генераторын келесі жылдан бастап осы Қазақстанда шығарайын деп жатырмыз. Және алдыңғы жылдарда электроникасын, тағы да бөлшектерін осы өзіміздің зауытта шығаруға жоспарларымыз бар.

Кәсіпорын 17 жылда 700 локомотив шығарыпты. Оның 42-сі экспортқа жіберілген.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

500-ден астам маманның маңдай терімен құралған жеті жүзінші локомотив, міне. Бүгінде қажетті бөлшектерінің қырық пайызы Қазақстанда құралады екен. Ал алпауыт зауыт дәл осындай техниканың 120-сын шығаруға қауқарлы. Айта кетейік, түзу жолда 8 мың тоннаны іркілмей тартатын тепловоз жаңа жылға таман қазақтың даласында жүйткімек.

← Барлық жаңалықтар