65 миллиард доллар. Ұлттық қордағы активтердің бүгінгі көрсеткіші бұл. Инвестицияның негізгі мақсаты – экономикалық тұрақтылықты сақтауға және табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін болашақ ұрпақтың еншісіне бөлу. Сондай-ақ қаражаттың жартысы елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталып отыр.
Мәселен, 2027 жылы инфрақұрылымдық жобаларға 4 миллиард доллардан астам қаржы бөлу жоспарланған. Капитал негізінен жол, энергетика, коммуналдық желілер, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салуға жұмсалмақ. Сарапшылардың пікірінше, мұндай инвестиция Ұлттық қорға кері әсерін тигізбейді. Керісінше, қаржылық активтерді нақты экономикалық капиталға айналдыруға мүмкіндік бермек.
Айта кету керек, Ұлттық қор бұған дейін де ел экономикасына қолдау көрсеткен болатын. Мысалы, осы бағытқа қордан 2008-2009 жылдары 10 миллиард доллар, ал 2015-2017 жылдары тағы 9 миллиард доллар бөлінді. Сонымен қатар, 2024 жылдан бері «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске асырылып келеді. Осы уақытқа дейін 338 мыңнан астам ұл-қыз төлем алған. Оның жалпы сомасы шамамен 67,8 миллион долларға жеткен.