Елімізде, оның ішінде бас қаланың өзінде соңғы жылдары миллиондаған шаршы метр баспана салынып, пайдалануға беріліп келеді.
Үйдің көп болғаны жақсы ғой. Бірақ таяқтың екі ұшы бар демекші, пәтер қаптаған сайын проблема да артады екен. Тіпті мүлік иелері бірлестігінде қордаланған мәселелерге енді депутаттар назар аудара бастады. Мысалы, көп жағдайда үйді басқаратын ұйымдардың жұмысы нақты өкілеттіктеріне сәйкес келмейді екен. Жаз мезгілінде Құрылтай мүшелері «Біздің қала» жобасы аясында Пәтер иелері кооперативінің мүшелерімен бірнеше жиын өткізіпті. Сол шарада халық қалаулылары көпшілікті толғандырған сұрақтарды да түртіп алған көрінеді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Біз ондаған кездесу өткіздік. Оның қорытындысы ретінде Астана қаласында тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған республикалық форум өтті. Оған тұрғын үй саласында тәжірибесі бар мыңнан астам маман мен сарапшы қатысып, саланың ең маңызды бағыттарын талқылады. Біз тұрғындардың 200-ге жуық өтінішін жинақтап, жүйеледік. Ұсыныстар қазір де келіп жатыр. Көтерілген мәселелердің бір бөлігі заңнамалық шешімдерді қажет етеді. Сондықтан фракция бұл бағыттағы жұмыстарға кірісті.
Мәселен, аспанмен таласқан кешендердің күтіміне, өрт қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелеріне кооператив төрағасы жауап бергенімен, көптеген шешім тұрғындардың дауыс беруі арқылы қабылданады. Ал бақылаушы органдар заңсыздықтар бойынша тек тұрғын үй кооперативінің жетекшісіне ғана талап қояды екен. Сондай-ақ кешендерді басқару органдарының тұрғындар туралы ақпаратқа қол жеткізу мәселесі де өзекті болып тұр. Оның ішінде азаматтардың цифрлық ортасын, электронды дауыс берудің ыңғайлы тетігін құру міндеті қойылған.
Қайыркен Отыншы