Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 17 қаралым

Транзитте жатқан толағай табыс

Қазақстан бүгінде теңізге шыға алмайтын ел санатына жатпайды. Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш 2025 жылы Алматының төрінде өткен жиында осылай айтқан еді. Автокөлік және теміржол дәліздері, порттағы үзілмеген тірлікті жоғары бағалаған бас хатшы еліміздің әлемдік логистиканың, көлік және телекоммуникацияның орталығына айналғанын сенімді түрде мәлімдеді сол кезде. Иә, қазір бұл сегменттегі ілгерілеу жаһандық инвесторлардың да құлағын түргізіп, көзін қыздырып отыр.

Жаһандағы жағдай мың құбылып тұр. Айналадағы геосаяси ахуал да мәз емес. Осындай сәтте табиғи байлығымызға сеніп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мұнай мен сирек кездесетін металдардың қорымен де өмір сүреміз-ау. Бірақ олардың түбі таусылатыны анық. Сондықтан табыс табудың балама нұсқасын да қарастыру қажет. Міне, осы мақсатта еліміз көлік-логистика саласын дамытуды мықтап қолға алды.

АЙГЕРІМ САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ, КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің мемлекетке өте жақсы пайда әкеледі. Себебі, біз Кавказ мемлекеттерімен, Орталық Азия арасында орналасқандықтан. Сонымен қатар, бір жағымызда Қытай, бір жағымызда Ресей болғандықтан, жүк көлік тасымалдауын дамыту, одан кейін транзит мемлекет ретінде өте көп пайдасын тигізеді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сонымен қатар, жаңа мамандықтар пайда болады. Көптеген терминалдар салынады. СВХ-лар салынады.

Неге дамытпасқа? Жер көлемі жағынан жаһанда 9-орын алатын, 2,7 млн шаршы шақырым аумақты алып жатқан территорияны мүмкіндігінше пайдалануымыз қажет. Еліміз Еуразияның дәл кіндігінде жайғасқан. Қай бағытпен де тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Мәселен, қазір теміржол және автомобиль инфрақұрылымын дамытып, транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыруға және жүк жеткізу уақытын қысқартуға басымдық беріліп отыр.

ЛӘЗЗАТ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

Транзиттің өсуі инвестиция тартуға өзінің көп ықпалын тигізеді. Бұл жерде тек қана біздің еліміздегі мемлекеттің немесе жеке азаматтардың салатын инвестициясы емес, шетел инвесторлары да қызығып отыр. АҚШ-ты мысалға алсақ болады. Қытайды алсақ болады. Міне, сол елдер осы біздің еліміздің көп транзиттік жолдың бойына өздерінің қаржыларын салып, инвестиция құюға дайын отыр.

Ауқымды жобалардың бірі — жуырда ғана құрылысы басталған «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолы. Сәтімен іске асса, пайдалануға берілгеннен кейін Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау қашықтығы мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі үш күнге дейін қысқарады.

НҰРБОЛАТ НЫШАНБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Біз өзіміз сол Ұлы Жібек жолы кезеңінен бері бастап келе жатқан өзіміздің осы Еуропа мен Азия арасында көпір ретінде қызметін қалыптастыруға толықтай әлеуетімізді пайдалануға негіз болып отыр деп ойлаймын. Ал соңғы жылдары Ресей мен Еуропа арасындағы сондай бір қырғи-қабақ экономикалық байланыстардың өрши түсуі Қазақстанды қазір Еуропа мен Қытайды байланыстыратын негізгі мемлекет ретінде қалыптастырып отыр. Сондықтан логистика саласы бұл бізде тек тауар тасымалы емес, ұлттық қауіпсіздік, ұлттық экономиканың негізгі тармағына айналуы керек.

Қазір мемлекет логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық көлік дәліздерін кеңейту және инвестиция тарту бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Дегенмен салада шешімін күткен мәселелер де бар. Олардың қатарында кадр тапшылығы, технологиялық тәуелділік, шекарадағы кедергілер мен аймақтар арасындағы инфрақұрылым теңсіздігі аталады.

АЙГЕРІМ САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ, КӨЛІК-ЛОГИСТИКА КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жүк тасымалдау көліктеріне сапалы қызмет аз деп ойлаймын. Мысалы, жүк тасымалдаушыларына жанармай бекет станцияларының аз болуы, сапалы брокер мамандарының, сапалы логист мамандарының аз болуынан. Тұрақты водительдердің демалу орындарының аздығынан, көп СВХ-лардың жоқ болуынан ақсап жатыр деп айтуға болады.

Десе де, еліміздің стратегиялық мақсаты — шығыстағы көршімізді Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыру. Мәселен, соңғы бес жылда жалпы өнім көлемі үш есеге өсті. 2021 жылғы шамамен тауар айналымы 4,7 трлн теңгеден биыл 14 трлн теңгеден асады деп күтіліп отыр. Республика порттары арқылы өтетін контейнерлік транзит көлемі төрт есеге жуық артты. Мұнымен қоса, еліміздің барлық өңірінде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр.

ЖАЙНАР ӘСІЛБЕКОВА, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ КӨЛІК САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Өткен жылдың көрсеткішіне сәйкес, транзиттік жүктердің жалпы көлемі 39 млн тоннаны құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырсақ, екі есеге өсті. Біз алдағы уақытта 2030 жылға қарай ағымдағы көлемді екі есеге өсіріп, 84 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Теміржол саласына келетін болсақ, алдағы 3 жылда 2200 шақырымға жуық жаңа жолдар салуды көздеп отырмыз. Ағымдағы басты жобалардың қатарына «Дарбаза-Мақтарал», «Бақты-Аягөз», «Қызылжар-Мойынты» сияқты учаскелерді атап өткіміз келеді.

Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында көлік-логистика саласын дамытуға ерекше назар аударды. Президент ірі транзиттік аймақ ретіндегі мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану қажет деген болатын. Сол тапсырма аясында жол инфрақұрылымын жетілдіру және ауыр салмақтағы жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мақсатында заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары іске қосылып жатыр. Бұл шара еліміздің транзиттік әлеуетін арттырумен қатар, автожолдардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл — стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік — Үкіметте.

Қазір еліміз арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Геосаяси өзгерістер аясында жаһандық логистикалық тізбектердің қайта құрылуы республиканың халықаралық бағыттар жүйесіндегі рөлін едәуір күшейтті. Бұл ретте авиациялық инфрақұрылым да белсенді түрде дамып келеді. Әсіресе, туристік өңірлерде әуежайлар жаңғыртылып, жаңадан салынып жатыр. Автомобиль жолдарының да жағдайын жақсарту негізгі басымдықтың бірі. Биыл жалпы ұзындығы 9 мың шақырым күрежолда қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған. Оның 3500-ге жуығы — жаңа трассалар.

НҰРБОЛАТ НЫШАНБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Расында, Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын тауардың құрлық арқылы 70%-ы Қазақстан территориясы арқылы өтеді. Бұл — өте үлкен мүмкіндік. Ал тәуекел болып жатқаны осындай үлкен мүмкіндікті, тарихи мүмкіндікті тиімді пайдалануға біздің инфрақұрылымымыз, бұл жердегі теміржол сапасы және оларға ЖИ цифрлық бағдарламалардың енуі арқылы біз қаншалықты әлемге бәсекеге қабілетті бола аламыз? Сондықтан осындай үлкен тарихи мүмкіндікті Қазақстан логистикалық хаб ретінде қалыптаса алады ма? Деген сұрақ бұл сарапшылардың да, халықтың да көкейінде тұр.

Ал серпін берген тағы бір тың бастама — цифрлық технологиялар мен нейрожүйені енгізу. Қазір «SmartCargo» платформасы іске қосылды. Бірыңғай цифрлық терезе кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтердің барлығын ортақ жүйеге біріктіреді.

ЖАЙНАР ӘСІЛБЕКОВА, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ КӨЛІК САЯСАТЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Ақтау портын, Құрық портын дамыту аясында көптеген жобалар іске асырылуда. Ол теңіздің деңгейін тереңдету. Сондай-ақ контейнерлік хаб құру. Қазіргі таңда Ақтау портының базасында контейнерлік хаб бірінші кезеңі іске қосылып, жұмысын жалғастыруда. Алдағы уақытта «Саржан» мультимедиялық терминалын іске қосу бойынша жұмыс атқарылуда.

Ендігі меже — Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін құру. Бұл тауар айналымын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі жағдайда логистика ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты экономикалық өсудің негізгі құралдарының біріне айналып отыр.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

«Тоғыз жолдың торабы» деген сөзді көп естуші едік. Міне, дәл осы трассамен бір ауыр көлік шығысқа, екіншісі батысқа қарай бет алады. Ал олардың бағыты әртүрлі болғанымен, біз арқылы өтетін жолы ортақ. Бұл транзиттік мүмкіндіктің бір көрінісі ғана. Географиялық орналасуымыз халықаралық тасымал үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ендігі мәселе — осы артықшылықты тиімді пайдалану. Яғни ұлан-ғайыр жерімізден өтетін жүк көлемін арттырып қана қоймай, елімізді жүк сақталатын, өңделетін және қайта жөнелтілетін ірі көлік-логистика хабына айналдыруға мүмкіндік жеткілікті.

← Барлық жаңалықтар