ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Әлемдегі әрбір алтыншы адам Үндістанда тұрады. Халқы 1 миллиард 400 миллионнан асады, ал экономикасының көлемі 4 триллион доллардан жоғары. Сондықтан Нью-Делиде қабылданған әр шешімнің ықпалы бұл елдің шекарасымен шектелмейді. Қазақстанның БРИКС алаңына серіктес мемлекет ретінде қатысуы да осындай алып нарықпен сауда, инвестиция және технология бағытындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
БРИКС — әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан ірі дамушы экономикаларды біріктіретін халықаралық алаң. Бастапқыда халықаралық ұйымның негізін Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка қалаған болатын. Кейін оның қатары кеңейіп, бүгінде 11 мемлекет мүше. Ал Қазақстан 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап БРИКС-тің ресми серіктес елі мәртебесіне ие болды. Биыл ұйымға Үндістан төрағалық етіп, XVIII саммитті Нью-Делиде өткізіп жатыр.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Артымызда – Нью-Делидегі «Бхарат Мандапам» халықаралық көрме және конгресс орталығы. XVIII БРИКС саммитінің негізгі жиындары дәл осы жерде өтеді. Қазір мұнда ерекше қарбалас: мәртебелі меймандар бірінен соң бірі келіп, әлемдік ақпарат құралдары соңғы дайындықтарын жүргізуде.
Төрткүл дүние көз тіккен «БРИКС плюс» саммитіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Мемлекет басшысы алдымен жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге алғыс айтты. Президенттің сөзінше, әлем халқының жартысына жуығын біріктіріп, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын өндіретін БРИКС-тің мүмкіндігі зор. Сондықтан ұйым елдер арасындағы алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге ықпал етуі керек. Халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС әлеуетін толық пайдалану үшін халықаралық дауларды шешіп, жетекші державалар арасындағы сенімді қалпына келтіру қажет екенін айтты. Өйткені геосаяси қақтығыстар мен сауда кедергілері енді жекелеген аймақтарға ғана емес, бүкіл әлем экономикасына зардабын тигізіп отыр. Қазақстан Президенті трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет.
БРИКС-тің жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өткен Мемлекет басшысы жиында еліміздің әлеуетіне де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр Қазақстанның БРИКС-ке мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтаған. Біздің еліміз осы ұйымдағы барлық мемлекеттермен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниетті. Оған өнеркәсіп, транзит және технологиялық әлеуетіміз жетеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүние жүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн.
Үндістандық сарапшы да Қазақстанның ұйым аясындағы ықпалдастығы энергетика, технология және қауіпсіздік салаларындағы байланысты күшейтеді деп есептейді.
САНДИП СИНГХ, ПЕНДЖАБ ОРТАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ПРОФЕССОРЫНЫҢ АССИСТЕНТІ:
Қазақстан – Орталық Азияда жетекші рөл атқаратын, экономикалық және стратегиялық әлеуеті зор мемлекет. Әлемдік жүйе қарқынды өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде біздің ынтымақтастығымыздың маңызы арта түседі. БРИКС Үндістан мен Қазақстанға энергетика, технология және қауіпсіздік салаларындағы байланысты тереңдетуге мүмкіндік береді. Осылайша екі мемлекет бүкіл құрлықтағы тұрақтылыққа бірге үлес қоса алады.
Нью-Делидегі жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы үш кездесу өткізді. Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед Әл Наһаянмен энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технология және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.
АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Президент Дональд Трамп жолдаған құттықтау хатты табыстады. Кездесуде тараптар жасанды интеллект пен цифрлық технология бағытындағы ықпалдастыққа мән берді. Ал Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтап, Қазақстанда елшілік ашу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Кездесулер соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті мен Эфиопия Премьер-министрін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Осылайша, Қазақстан БРИКС алаңына серіктес мемлекет ретінде қатысып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ұстанымын білдірді. Нью-Делидегі жұмыс сапарын аяқтаған Мемлекет басшысы енді Корея Республикасына мемлекеттік сапармен аттанды.