Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Жұрт ұзақ күткен саябақ

Ақтөбенің айналасы тағы бір саябақпен толығады. Нысан басында жұмыс қызу. Әрі сәулетшілер сегіз гектар аумаққа созылып жатқан бұл саябақ бұрынғылардан өзгерек болады деп сендірді. Сонда ол несімен ерекше?

Қаланың күйбең тірлігінен тынығып, бой жазып қайтқысы келетіндер енді көлігіне отырып алып, Садовое ауылына қарай жол тартса болады. Іргеде Қарғалы өзені бойлай ағып жатыр. Әкім-қаралар қараусыз қалған аумақты қоқыстан тазартып, маңайын қоршап, экосаябаққа айналдырамыз деп шешіпті.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Экосаябақтың аумағы бірнеше бөлікке бөлінген. Мұнда тынығуға келгендер бірі балық аулап, енді бірі әсем табиғатты тамашалап жатып демалса, ал отбасы, дос-жаранымен келгендер мынадай тастан жасалған мангалда кәуап жасай алады. Бұл жерлерге тағы да үйшік, орындықтар қою жоспарланған.

«Тынымбақты» жобалағанда мердігер компанияға қойылған бірінші міндет — аумақты абаттандырып қана қоймай, ең бастысы табиғи ландшафтын барынша сақтау еді. Құрылысшылар соның барлығын орындауға тырысыпты. Мысалы, асфальт пен жаяу адам жүретін жолға плитаның орнына экологиялық таза табиғи тас және өзеннің малтатасын пайдаланған.

АСҚАР МҰХАМБЕТОВ, СӘУЛЕТШІ:

Біз ештеңені өзгертпей, осы жердің табиғатының әсемдігін барынша сақтауға тырыстық. Қоршауларды ағаштан өріп жасап жатырмыз. Одан басқа бірнеше арт-нысандар болады. Мысалы, қанатын жайып тұрған қыран бүркіт, еліктің ағаштан қашалған мүсінін жасаймыз деп отырмыз. Көп дүние жоспарда бар.

Саябақтың аумағы — 8 гектар. Демалуға келгендерге ыңғайлы болсын деп бәрі ойластырылған. Мысалы, балаларға қауіпсіз болу үшін өзен жағасында арнайы қоршау қарастырмақшы. Барбекю, от жағатын орындар өз алдына бөлек болады. Гамак, әткеншек пен воркаут аймағын жасау жоспарланған. Мұның барлығы «Таза Қазақстанның» аясында атқарылып жатқан шаруа екен.

БЕКБОЛАТ ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында экопарк құрылысын жүргізу жұмыстары қарқын алды. Ол, біріншіден, тұрғындарға экологиялық мәдениетті дамытуға және экотуризмді дамытуға өз әсерін береді. Сонымен қатар, қаламызда бес жерде осындай экопарктер құру жоспарлануда.

Демалыс аумағының құрылысы қалай жүріп жатқаны облыс басшысының да назарында. Жаңа саябақ тұрғындардың бойында экомәдениетті қалыптастыруға да ықпал етуі керек деді. Барлық жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

← Барлық жаңалықтар