Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 10 қаралым

Әкімдікті торуылдаған тұрғындар

Түркістандағы Кентау қаласының тұрғындары әкімдік маңын жағалап жүр. Бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселелері шешімін таппаған жұрт оң нәтиже шықпағанша жауаптылардың есігін қаққанымыз қаққан деп отыр. Егер қала билігі шаруаны шешуге қауқарсыз болса, облыс әкімінің алдына барамыз деп азар да безер.

Кентау қаласына қарасты Шұғыла шағын ауданының құрылғанына 5-6 жылдың жүзі болған. Халық тығыз қоныстанып, қазір 2000-ға жуық баспана бар екен. Алайда тұрғындар осы уақытқа дейін мектепке зәру. Салдарынан балалары 10 шақты шақырымды артқа тастап, күнделікті шаһардың басқа бетіндегі білім ордаларына қатынайды. Ұл-қыздары мектепке барып келем дегенше ата-аналары жандарын шүберекке түйіп отырады.

СЕРІКБАЙ ҚОЖАХМЕТ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектебіміз алыс. Біз анау қалаға барып оқиды оқушылардың бәрі. Қалаға барып оқығанымен балалар маршрутқа сыймайды. 5 деген маршрут жүреді. Ол жарты сағат сайын жүреді.

Жарты сағат сайын жүретін қоғамдық көліктің өзі шағын ауданды толық айналмайды екен. Бірнеше көшенің соңына жетпей бұрылып кетеді. Онымен қоса, кешкі сағат жетіде жүруін тоқтатады. Ал түстен кейін оқитын оқушылар соңғы сабақтан сегізде шығады екен. Амалдың жоқтығынан такси жалдайды. Ал такси бір балаға мың теңге алып, қалталарын қатты тесіп барады екен. Күн сайын ертелі-кеш осы жағдай қайталанады деп қапалы тұрғындар.

ТҰРҒЫНДАР:

Ойнайтын жерлері жоқ. Айналып келіп, осы жерге жиналады бәрі.

Бұл — кентаулықтардың шешімін таппай тұрған тағы мәселесі. Ойын алаңы атымен болмағандықтан, балалар тас пен құмның арасында ойнайды. Бұл жерлер жолдың бойында болғандықтан қорқады. Себебі кей жүгенсіз жүргізушілер көшелерде ұйытқып жүреді, дейді. Сондықтан жолға арнайы өткелдер орнатып берсе деп отыр.

БАҒДӘУЛЕТ ТОҚАНОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осыдан екі жыл бұрын мынау 3-көшеде, одан кейін 1-көшеде екі баланы қағып кетті, мысалы. Қаққаннан кейін қойылды. Енді Алла сақтасын, қою үшін адамды қағу керек пе, қалай енді?

Халық жиналған соң келген жауаптылардың сөзіне қанағаттанбаған тұрғындар шаһар басшысын іздеп, тұшымды жауап алуға әкімдік ғимаратына келді. Алайда әдеттегідей орнынан таппай, орынбасары шығып, ашуға булыққандарды басуға тырысты. «Мектеп мәселесі 2 жылдан соң шешіледі» дейді жауаптылар. Әзірге шағын аудандағы 116 оқушыға білім ордасын салып бере алмаймыз деп отыр.

ӘДІЛ ӘУЕЛБЕКОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жалпы сол ауданға 600 орындық мектеп салуға ұсыныс берілді, жер бөлінді. Бірақ енді жоспарға сәйкес 28 жылы басталады. Ал оған дейін жобалық-сметалық құжат жасалып, басқа да мәселе болады.

Шұғыла шағын ауданының тұрғындары сұраған қоғамдық көліктердің бүгіннен бастап уақыты ұзартылатын болды. Ал үлкен автобустарды рейске шығару қараша айында шешілетін көрінеді. Дегенмен ойын алаңы бойынша басшылық рұқсат берсе ғана сұхбат береміз дегендер ақыр соңында таптырмай кетті.

← Барлық жаңалықтар