Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 22 қаралым

Несие тарихын жақсарту мүмкін бе?

Желіде несие тарихын «тазалап» беретін пысықайлар пайда болыпты. Қызметі үшін ақысын алып, ақылын беріп, банк алдында клиентті «аппақ» қылып береді. Бірақ мұндай махинация кейін тұтынушының басына таяқ боп тиюі мүмкін. Тіпті «рассрочканы» асықтырып төлегеннен гөрі, кешіктіріп берген дұрысырақ дейді мамандар. Бөліп төлеуден мерзімінен бұрын құтылып, «іс бітті, қу кетті» деп қуанып отырғанда, ипотека мақұлданбай, тағы бір кредит рәсімі сәтсіз аяқталуы мүмкін. Өйткені банкті есебінен жаңылдыруға болмайды.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Иә, Асаубек, интернетте кредиттік тарихыңды тап-тұйнақтай етіп тазалап, «қара тізімнен» шығармыз деген жарнамадан көз сүрінеді. Несие ала алмай, банк табалдырығын тоздырған тұрғындар үшін бұл тығырықтан шығар жалғыз жол секілді көрінеді.

Ай сайынғы төлемін кешіктіріп, берешегі басынан асқан клиенттердің мәселесін шешеміз дегендерге кей азамат қалтасындағы соңғы тиынын беруге дайын. Бірақ мұндай қызмет шынымен нәтиже бере ме? Кредиттік тарихты кез келген адам өзгерте ала ма? Маманнан сұрап білдік.

НҰРБОЛ ШЫНТАҚОВ, САРАПШЫ:

Несие тарихы тазарады, жаңарады деген негізі қате ұғым. Instagram, TikTok желілерінде несие тарихын тазалап береміз, дұрыстап береміз дегеннің барлығы жалған ақпарат болып табылады. Несиелік тарихта жеке тұлға қандай несиелер алды, қашан жапты, қалай оны жапты, қанша күн кешіктірді немесе кешіктірмеді, бүкіл ақпарат несиелік тарихқа түседі.

Демек, несие тарихы – қаржылық айнаңыз. Ол – сіз бен банктің арасындағы сенімді айғақтайтын басты құжат. Бұл есепке немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені уақытылы төленбеген әрбір күн келешекте ипотека немесе қомақты кредит алу мүмкіндігін шектейді. Алайда, егер қаржылық беделіңізге дақ түсіргіңіз келмесе, мамандар мынадай қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді.

ӘСЕМ БАҚЫТОВА, САРАПШЫ:

Ең бастысы, қазіргі несиеңіз бар болса, оны өз рет-ретімен, уақытында төлейсіз. Мысалы, кредиттік тарих бойынша ай сайынғы төлеміңіз қанша екенін қадағалап, рет-ретімен өз төлемін жасау керек. Егер сіз несие алсаңыз, оны үш айға жетпей жауып тастауға болмайды. Ол да оған әсер береді.

Енді несие тарихын қарау тәсілдеріне тоқталсақ. Жалпы, елімізде азаматтардың кредиті туралы ақпаратты екі бюро жинақтап, сақтайды. Олар – Бірінші кредиттік бюро және Мемлекеттік кредиттік бюро. Бірінші кредиттік бюродан есепті жылына бір рет тегін алуға болады. Қайта сұратсаңыз, 414 теңге төлеу қажет. Екінші тәсіл – eGov порталы немесе мобильді қосымшасы арқылы тексеру. Мұнда кредиттік есепті кез келген уақытта тегін ала бересіз. Екі жағдайда да өз атыңызға рәсімделген несиелер, қарыз көлемі және төлем тәртібі туралы толық ақпарат көрсетіледі.

Қолға тиген кредиттік есепті асықпай тексерген абзал. Келісімшарттың жабылғаны және қарыздың өтелген күні дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізіңіз. Себебі заң бойынша банктер мен қаржы ұйымдары сіздің несиеңіз бойынша кез келген өзгерісті 1 жұмыс күні ішінде кредиттік бюроға хабарлауға міндетті. Егер банк деректі кешіктірсе немесе қате жіберсе, ол сіздің тарихыңызға кері әсер етеді. Сонымен қатар сарапшылар микроқаржы ұйымдарынан жиі қарыз алу да кредиттік тарихты бүлдіреді дейді. Себебін маман былай түсіндірді.

АЗАТ ТҰҚПАТОВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

МҚҰ-дан кредит өте көп сомада берілмейді. Аз сомаға, аз мерзімге беріледі. Ол логика бойынша ойлайды. Бұл адам неғұрлым жиі несие алатын болса, оның күнделікті қажеттіліктерін жабуға ақша жоқ. Алдағы біз беретін ипотекаға ол кісі қалай төлейді деген мәселе туындайды. Кредиттік тарих болғаны жақсы, болмағанның өзінде минус болады. Мысалы, банктер білмейді. Қалай төлеп жатырсыз, қалай төледіңіз алған несиелерді. Сондықтан ақ қағаз ретінде болып келеді.

Қорыта айтқанда, несие – тек уақытша тығырықтан шығаратын қаржылық құрал емес, ол – үлкен жауапкершілік. Ал кредиттік тарих – қаржы ұйымы мен азамат арасындағы сенімнің кепілі. Бұл құжатты таза ұстау – болашақ үлкен жоспарларыңыздың кедергісіз орындалуына кепілдік береді.

← Барлық жаңалықтар