Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 21 қаралым

Қызыл теңіздегі қауіпті ойын

Ормуз бұғазының жыры таусылмай жатып, әлем назары Қызыл теңізге ауды. Мұнда Иран қолдайтын йемендік хуситтер бір арал мен шаһарды басып алып, жаһан елдері басшыларының басын қатырып қойды. Өйтпегенде ше, бұл маңдағы сценарий жағымсыз желімен жалғасса, талай мемлекеттің экономикасын мұңға батырады. Себебі әлемдік теңіз саудасының сорпасы осында қайнап, қаны бүлкілдеп жатыр. Талайдың бас ауруына айналған Баб-эль-Мандеб бұғазындағы байбаламның салқыны нақты кімдерге тиеді?

Таяу Шығыстағы қақтығыс жаңа әрі қауіпті кезеңге аяқ басты. Иран қолдайтын йемендік хуситтер Қызыл теңіздегі стратегиялық маңызды нүкте – Баб-эль-Мандеб бұғазындағы Перим аралы мен Дхубаб қаласын басып алды. Енді олар әлемдік теңіз саудасының күретамыры саналатын аймақты толық бақылауына алуға ұмтылып отыр. Дегенмен, қарулы топ өкілдері өздеріне жау санайтын Сауд Арабиясынан басқа елдердің кемелеріне қауіп төніп тұрмағанын алға тартуда.

ЯХЬЯ САРИ, ХУСИТТЕРДІҢ ӘСКЕРИ ӨКІЛІ:

Йемен қарулы күштері бұған дейін салынған тыйымға ілінген Сауд Арабиясының кемелерін қоспағанда, барлық компаниялар үшін теңіз қатынасы қауіпсіз екенін мәлімдейді. Агрессия тоқтап, халқымызға жасалған блокада алынбайынша, жаудың кез келген эскалациясына қарымта соққы береміз.

Хуситтердің бұл қадамы жаһандық логистикаға ауыр соққы. Баб-эль-Мандеб – Азия мен Еуропаны жалғайтын Суэц каналының оңтүстік қақпасы. Бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 7 пайызы тасымалданады. Осы су жолының қауіпті аймаққа айналуы алпауыт жүк тасымалдаушы компанияларды Африка құрлығын айналып өтуге мәжбүрледі. Бұл тасымал уақытын апталарға созып, шығынды еселеп жіберді. Егер хуситтер өткелді толық бұғаттаса, АҚШ-пен текетіресте Иранның ұпайы түгелделіп, әлемдік мұнай бағасы шарықтап кетуі мүмкін.

АХМЕД НАГИ, ЙЕМЕН БОЙЫНША САРАПШЫ:

Хуситтер шын мәнінде батыс жағалауды басып алды. Бірақ бұл шайқастың соңы емес. Қақтығыс жалғасуда, алдағы уақытта Сауд Арабиясы мен Йемен үкіметі тарапынан қарымта шабуыл болуы әбден мүмкін. Саудтықтар оңтүстіктегі Аль-Дале және Аль-Байда аймақтарында, яғни шығыс майданда өз күштерін жұмылдыруы ықтимал. Сондықтан басты шайқас әлі алда.

Тоқсаныншы жылдардың соңында діни қозғалыс ретінде басталған хуситтер бүгінде қуатты әскери күшке айналды. Олар дрондар мен баллистикалық зымырандарды еркін қолданады. БҰҰ сарапшыларының мәліметінше, бұл қару-жарақ технологиясын Иранның тікелей көмегімен меңгерген. Бірақ хуситтердің бұлай күшеюіне Йемендегі ішкі саяси алауыздық та басты себептердің бірі болған көрінеді.

БАРАА ШИБАН, БІРІККЕН ҚЫЗМЕТТЕР КОРОЛЬДІК ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қағаз жүзінде халықаралық деңгейде танылған Йемен үкіметін қолдайтын коалиция бар. Бірақ іс жүзінде өзара бәсекелес екі тарап әрекет етіп жатыр: БАӘ сепаратистерді, ал Сауд Арабиясы үкіметті қолдайды. Бұл өзара қақтығысқа алып келді. Осындай бытыраңқылық хуситтерге тиімді болды. Олар осы уақытты ұтымды пайдаланып, баллистикалық зымырандар мен дрондар жасауды қолға алды. Ирандық сарапшылар оларға қажетті технологияны берді. Қазір хуситтер тіпті Сауд Арабиясының ішкі аймақтарына соққы жасау мүмкіндігіне ие.

Қазіргі таңда Йемендегі уақытша бітім бұзылып, ескі майдан шептерінде қақтығыс қайта тұтанды. Хуситтердің Баб-эль-Мандеб бұғазын бойлай зеңбіректер мен зымырандарын орналастыруы тек Араб түбегіне емес, бүкіл әлемдік экономикаға төнген тікелей қауіп. Қарулы қақтығыстың ең ауыр зардабын, әдеттегідей, қарапайым халық тартып отыр. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, соңғы ұрыстар салдарынан 100 мыңнан астам йемендік туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың басым бөлігі – ел ішіндегі босқындар.

РАВЬЯ ХАССАН, БОСҚЫН:

Біз Таиз провинциясындағы Аль-Кадха лагерін паналап отырғанбыз. Хуситтер әуеден зымыранмен шабуыл жасады. Жалаңаяқ қашуға тура келді. Тіпті балаларымыздың қайда қалғанын білмедік. Өзімізбен бірге ештеңе ала алмадық: көрпе-жастық, ішерге ас, су – ештеңе жоқ, бәрі сонда қалды.

ҮЙІНДІГЕ АЙНАЛҒАН ЛИВАН

Ливаннан да тыныштық кеткелі қашан?! Хезболла мен Израильдің қақтығысынан қашқан тұрғындар наразылыққа шықты. Олар еврей елі армиясының бейбіт ауылдар мен тарихи мұраларды жермен-жексен етіп жатқанына наразы. Шерушілер үкімет пен халықаралық қауымдастықтан араша сұрап, үйлеріне аман-есен оралуды талап етті. Маусымдағы бітімгершілік келісімінен кейін де Израильдің соққысы тоқтамаған.

МОХАММЕД БАЗЗИ, БИНТ-ДЖЕБЕЙЛЬ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мен Бинт-Джебейль қаласына арнайы тоқталғым келеді. Онда бастапқыда 8000-ға жуық тұрғын үй болса, қазір соның 7000-ға жуығы қирап қалды. Бұл қаламызды қасақана әрі жүйелі түрде жою. Мектептер, ауруханалар, үкімет ғимараттары, әлеуметтік орталықтар – бәрі жермен-жексен болды. Бұл нағыз әскери қылмыс және Израиль бұған жауап беруі тиіс.

Соғыс салдарынан Ливандағы білім беру жүйесі тұралап қалды. Жаңа оқу жылы басталса да, соғыс салдарынан 100 мыңға жуық бала мектепке бармады. Жүздеген оқу ордасы босқындардың панасына айналған. БҰҰ бітімгерлері соңғы үш күннің өзінде Израильдің Ливан әуе кеңістігін 150 рет бұзғанын тіркеді. Израильдік дрондар оңтүстік өңірге үздіксіз жарылғыш заттар тастауда.

СТЕФАН ДЮЖАРРИК, БҰҰ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қақтығыс жаңа оқу жылының басында балаларға ауыр соққы болып отыр. Қақтығыс басталғаннан бері білім беру мекемелеріне орасан зор нұқсан келді. Ливан билігінің мәліметінше, 400-ден астам мектептің шамамен 40 пайызы шабуылға ұшырап, 37-сі толық қираған, ал 101-і қатты бүлінген. Соғыс кезінде мектеп жасындағы балалардың 20 пайызға жуығы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

ИЗРАИЛЬ ТОҚТАМАЙДЫ

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тель-Авивте өзінің «Ликуд» партиясы мүшелерімен кездесті. Мейрамға орайласқан жиында ол халықты өз саяси бағдарламасы төңірегіне топтасуға шақырды. Т тәрізді жол белгісін мысалға келтіріп: «Қай бағытпен жүреміз, оңға ма, солға ма?» деген үкімет басшысы Палестина мемлекетін құру идеясын қатаң сынға алды. Және әскери қимылдарды соңына дейін жалғастыратынын ашық мәлімдеді.

ӨМІР МЕН ӨЛІМ

Израильдің соққысынан оңбай жапа шеккен Газа секторында палестиналықтар опырылып түскен ғимараттың үйіндісін тазалап жатыр. Қайғылы оқиғадан 21 адам қаза тапқан. Палестинаның Азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, құтқарушылар үйінді астынан 45 адамды алып шықты, оның сегізі бала. Жақындарынан айырылған тұрғындар ес жия алар емес.

НАДЕР АЛЬ-ЭДЖЛА, ТУЫСТАРЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ТҰРҒЫН:

Бұл сұмдық жағдай. Бүкіл отбасымыз үшін үлкен соққы. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: туыстарыңның бір бөлігі үйінді астында бөлшектеніп жатса, енді бірі қаза тапқан. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай жағдайды үнемі бастан кешіп келеміз.

Қазір ауыр техника қираған үйдің орнын тегістеп жатыр. Босаған алаңға осы ғимаратта тұрған отбасылар үшін шатырлар құрылмақ. Жалпы, Газа секторында ондаған мың палестиналық Израиль соққысынан зақымданған екі мыңдай ғимаратты паналауға мәжбүр. Баспанасыз қалғандарға жаңа шатырлар жетіспейді. Сондықтан жұрт жауын-шашын мен желден қорғану үшін қираған үйлерде жан бағуда.

СУДАНДАҒЫ СҰМДЫҚ

Судандағы көпжылдық қарулы қақтығыс елді гуманитарлық апатқа ұшыратты. Соғыс кесірінен ауыл шаруашылығы тоқырап, азық-түлік тапшылығы ушығып кетті. Мәселен, Ақ Ніл штатындағы лагерді паналаған 10 мыңдай босқынның жағдайы мүшкіл. Гуманитарлық көмек тұрақты жетпейтіндіктен, халық ауыз су мен дәрі-дәрмекке, қарапайым асқа зәру. Олар тек жергілікті тұрғындардың қайырымдылығымен жан бағып отыр. Ұзаққа созылған аштықтан әсіресе балалар мен әйелдер қатты зардап шегуде.

МАККА ХАССАБ ӘЛ-НӘБИ, БОСҚЫН:

Бір балам аштан өлді, қалған үшеуі ұзақ уақыт аш жүргендіктен қатты әлсіреп қалған. Қайтыс болған ұлым небәрі 12 жаста еді. Ол өлерінің алдында анемия мен сары ауруға шалдықты. Бірақ оны емдеуге не дәрі-дәрмек, не дұрыс тамақ алуға ақшам болмады.

Жылдарға созылған соғыс Суданның денсаулық сақтау жүйесін де толық күйретіп бітті. Елде тырысқақ пен қызылша сияқты жұқпалы аурулар өршіп тұр, ал медициналық мекемелердің басым бөлігі жұмыс істемейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы егер қарулы қақтығыс жалғаса берсе, Судандағы гуманитарлық дағдарыс бұдан да сұмдық деңгейге жетеді деп дабыл қағып отыр.

← Барлық жаңалықтар