Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 22 қаралым

Қара алтынды кімге сатамыз?

Еліміздің қойнауы мұнайға бай. Бірақ «қара алтынның» да түбі көрінетін күн туады. Сарапшылар қор 15 жылға жетеді деп болжам айтқан. Бірақ салаға жауапты министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарып, шикізат кемі 55 жылға жетеді деп сендірді. Ал тасымал жағы қалай болып жатыр? Каспий құбыр консорциумына көрші елдегі қақтығыстың салқыны тиіп, қауіптің астында қалғанын білеміз. Тығырықтан шығудың амалдарын іздеген мамандар балама жолдарын да қарастырып жатыр. Мүмкін ол жаңа ірі кен орны, не болмаса шағын өндіріс ошақтары. Тиімдісі қайсы болатынын әлі ешкім тап басып айта алмайды.

Құдай қазақтың қара жеріне қара алтынды аямай-ақ берді. Мұнай қоры бойынша он екінші орындамыз. Алайда дүниенің дүрмегі өзгеріп, әлем елдері әбігерге түскен шақта шикізат сатып шекемізді шылқыту қиындады. Көрші елдегі қақтығыс тасымалдың 80 пайызы тиесілі Каспий құбыр консорциумына қауіп төндірді. Сол-ақ екен, сарапшылар мұнайды Еуропаға сатудың, пайдаға батудың баламалы жолын іздеуге көшті. Ол – Баку – Тбилиси – Жейхан.

РАШИД ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ СЕРВИСТІК КОМПАНИЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ:

Егер біз Әзірбайжан арқылы кететін болсақ, біріншіден, Каспийдің үстінен труба салу үшін Каспиймен шекаралас мемлекеттердің рұқсатын алуымыз керек. Өйткені ертең сол Каспий арқылы құбыр жарылып, Каспийді былғайтын болса, бесеуі де зардап шегеді ғой. Келісім ала аламыз ба? Екінші, Әзірбайжан арқылы Грузияға, Грузия арқылы Түркияға, Түркия арқылы барып Еуропаға барамыз. Өткен ел үстінен өтіп жатқан қазіргі дүниедегі наннан кейінгі құнды мұнайдан пайда табуға тырыспай ма? Тырысады.

Ресейден босаған нарықты иемденіп, желкесі күжірейіп шыға келген Әзірбайжан соңғы бір қасық қара алтынын сатып біткенше біздің мүмкіндікті қарастырмайды. Сарапшылар осылай дейді. Сондықтан экономикасы қуатты, дамуы тұрақты шығысқа бет бұру маңызды. «Қазақстан – Қытай» құбыры арқылы тасымалданатын Ресейдің 12 миллион тонна мұнайын қайта қарап, өзіміздің өнімді жөнелтуіміз қажет дейді сарапшылар.

РАШИД ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙ СЕРВИСТІК КОМПАНИЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ:

Балама жол ретінде біз егер қарастыратын болсақ, ол жаңағы Еуропа жақты түрткілей бермей, болмаса жаңағы КТК-ны айналып, Ресейді айналып, қайткенде де мұнайымызды Еуропаға жеткіземіз деп өзімізді шешілмейтін бір әңгіменің төңірегіне қайта-қайта итере бермей, жан-жағымызға кішкене еркін қарап, тыныс алып, мынау шығысымызға бұрылып, Қытайменен үлкен келіссөздер жүргізген дұрыс сияқты.

Алайда бұл КТК-дан толығымен бас тартайық деген тұжырым емес. Өйткені бұл қадам – экономикалық утопия. Оның үстіне мәдениеті мен білімі толысқан Еуропа елдерімен алыс-берісті арттырып, байланысты бекемдей түсу керек. Тығырықтан шығарар тағы бір жол – аспанасты елін аралық көпір ретінде пайдаланып, мұхит арқылы Үндістанға жеткізу.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Мұнай десек, ойымызға жанармайдың оралатыны жасырын емес. Алайда қара алтынның бізге берері көп. Кейпіңе көрік беретін, киетін сәнді киім де, түрлі түске боялған ажарлы, әрлі үйің де, көлікпен жүйткіп жүретін тақтайдай тегіс жолың да, түрлі кейіпке енетін пластмасса дүние қолыңда! Барлығына мұнайдың қатысы бар. Сондықтан оны өндіріп қана қоймай, өңдеу саласына да ден қою керек.

Себебі, мұнай тасымалында ешкімге тәуелді болмаудың шешімі осы. Қазба байлықты өңдейтін зауыттарды көбейтсек, дайын өнімді тұтынушылар табылатыны даусыз. Мұны Президент те баса айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз. Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет.

Жаңа ірі кен орнын ашамыз деп сарсаңға түскенше, шағын өндіріс ошақтарын ашсақ, мұртымызды балта шаппас дейді білетіндер. Ал қазақта кен байлығы да, жер байлығы да жетіп артылады. Алайда ол да бір күні сарқылады.

ОЛЖАС БАЙДІЛДИНОВ, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Қазақстанда мұнай қоры шамамен 10-15 жылға жетуі мүмкін. Одан кейін қалған қорды өндіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Менің болжамымша, 2030 жылы мұнай өндіру көлемі шарықтау шегіне жетеді. Одан кейін өндіріс төмендей бастайды. 2040 жылға қарай ішкі нарықтағы мұнай өңдеу қажеттілігін өз мұнайымызбен қамтамасыз етсек, соның өзі үлкен нәтиже болмақ.

Олжас Байділдиновтың болжамымен жауаптылар келісе қоймады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан алдағы елу жылда қара алтыннан таршылық көрмейді. Жыл басында Теңізден шыққан өрт пен шілдедегі мұнай танкерлеріне шабуыл өндірісті біраз тежегені рас. Алайда қазір барлығы бір қалыпқа түскен.

ГҮЛБАНУ ДҮСІПОВА, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ МҰНАЙ ӨНДІРУ ЖӘНЕ ІРІ ЖОБАЛАРДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазақстандағы мұнайдың қоры шамамен 4 миллиард тонна. Қазіргі өндіріс деңгейі сақталса, бұл қор 55 жылға жетеді. Былтыр республикада 99,6 миллион тонна мұнай өндірілді. Өндірістің шамамен 70 пайызы Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тиесілі. Биыл мұнай өндірісіне Каспий құбыр консорциумының мұнай қабылдау көлеміне енгізген шектеулері ықпал етіп отыр.

Дегенмен жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Қайткен күнде де Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен арылуы керек. Өйткені қара алтынның бағасын қалыптастырып отырған алпауыттар мұнай мен долларды қатар өсіріп отыр. Ал кен қазғаннан басқа табыс көзін тапсақ, теңгеміздің теңгерімділігін қалыпты ұстай аламыз. Өйткені қақтығыстың есебінен пайда табамыз деу бос әурешілік.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Мұнайдың бағасы долларға шаққанда қымбаттайтын болса, бұлар біздің экспорттық түсімдердің артуына, Ұлттық қорға бөлінетін трансферттердің артуына, жалпы біздің бюджеттің кіріс бөлігінің көбеюіне өзіндік әсерін тигізеді. Бірақ та біз бір нәрсені ескеруіміз керек. Егер де ол қандай да бір соғыс жағдайында, жаңағыдай геосаяси жағдайлардың әсерінен болатын болса, онда бізге келетін басқа да өнімдердің қымбат боп келуі…

Мұнайдың сыртқы саудасына келгенде қарағай мүйіздің қайраты емес, қаймыжық еріннің айласы керек. Сол себепті қара алтынды сататын жаңа нарықтар іздеп, келісімге келу ең тиімді жол. Ал өндіріс пен қатар өңдеу өнеркәсібінің өрісін кеңейту кезек күттірмейтін мәселе.

← Барлық жаңалықтар