Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 20 қаралым

Қорлық көрген қаракөздер

Елімізде биыл қырық мыңнан астам әйел күйеуінің жуан жұдырығынан зәрезап боп, ақыры полицияға арыз түсірген. Бұл тек ресми тіркелген шағымдар. Ал төмпештеуден көз ашпай, «шықпа, жаным, шықпалап» тасада қалып жатқан қаракөздеріміз қаншама?! Көз көгеріп, бас жарылса да тістеніп, өзгелерден ұят болады деп өз басын қатерге тігуден тайсалмайтындар бар. Жарының қолынан қаза тауып, тепкісінен мүгедек болып жатқан қыздардың оқиғасы жайлы қоғам біледі. Шоколад үшін жаны қиылып, қызғаныштың кесірінен жастай кеткен бұрымдылардың ісі әлі көпке сабақ болмағанға ұқсайды. Күні кеше Шымкентте селфи жасайық деген келіншегін күйеуі қанжоса етіп сабап тастапты. Қанішер жігіттер қайдан шығып жатыр? Оларды мұндай қатыгездікке кім үйреткен?

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерде қазір ғана жанжал болғандай. Сынған ыдыс, шашылған жиһаз, пышақ… Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ең қауіпті тұсы – оның ізін әрдайым осылай анық көре алмаймыз. Кейде мұндай жағдай жабық есіктің ар жағында жылдар бойы жалғасады. Ал ең қиыны – жәбір көрген адамның бұл жерден біржола кетіп қалуы да оңай емес. Баласы бар, баспанасы жоқ, қаржыға тәуелді болуы мүмкін. Кейде тіпті агрессордың кешірім сұрап, қайта түзелуге уәде беруі де жәбірленушіні ұстап қалады. Ендеше, неге әйелдер алғашқы соққыдан кейін-ақ кетіп қалмайды? Заң қатаңдағаннан кейін жағдай өзгерді ме? Ал зорлықтан қашқан әйелді мемлекет қаншалықты қорғай алады? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Тепкі көріп, талай тозақтан тірі шыққан қыз-келіншектер туралы қазір жиі естиміз. Желіні ашсаң, жанайқайын айтып жылап, жуан жұдырықтан таяқ жеген аруларды көріп жүрміз.

ТҰРҒЫНДАР:

Иә, барлық жан-жағым көгерді, тісімді қағып алды, бір жақ нервым өлді уже, бір көзім басқаша болып қалған. Мені алды да әшейін деп көтерді, көтеріп тұрғанын білем, қылқындырып ше, менің күшім жетпейді, аша алмаймын, дальше ештеңе білмеймін. Болды, мен бәрінен шаршадым, мен былай жүре алмаймын деп арқанды мойныма салып тұрдым да, астыма қызыл бочка қойып қойдым.

Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қорлық пен зорлықтың ащы дәмін татқандардың бірі – Қарлығаш. Өзбекстаннан қашып, басын сауғалап атамекеніне оралған ол қауіпсіз мекен іздеген еді. Алайда бұрынғы жұбайы қарасын үзбей соңынан келіп, қайта табысайық деп қолқалаған. Перзенттерінің болашағын ойлаған ана келісіпті, алайда көп ұзамай бұрынғы күйеуі қайтадан аяусыз соққының астына алған.

ҚАРЛЫҒАШ ТЕШАБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Тұрмыс құрғанымыздан кейін осы қолдарыма ұрып, көгертіп бастаған. Мен оны жасыратын едім, кімге айтамын, әке-шеше жоқ, біреуге айтсаң, позорыңды шашып деген сияқты ғой. Онымен жасауға, былай отырып шай ішуге қорқатынбыз.

Шаңырағым шайқалмасын деп озбырлыққа шыдап жүрген нәзік жандының ажырасып, дағдарыс орталығына келуіне мына жайт себеп болған.

ҚАРЛЫҒАШ ТЕШАБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Ақырғы кезі, біз общежитиеде тұрдық, жан-жағымызда ұл балалар, еркек адамдар болды. Мені сүйреп коридорға алып шығып тастады ол. Сол кезде былай алдымды тартып, пижамамды тартып жіберді, түймелер сол жерде сынып түсіп қалды. Мен алдымды жауып жатырмын. Сол кезде ол менің алдымды ашып, сүйреп, шашымнан тартып, кет деп солай істеп жатыр маған. Басқа ер адамдар есіктен сығалап қарап тұр ғой. Мен алдымды жауып жатырмын ғой, мен содан кейін кетемін деп шештім.

Өзгелердің көзінше жарының арын таптап, қадірін кетірген соң, жан сауғалап қашуға мәжбүр болған Қарлығаштың тағдыры – бұл қасіретті картинаның бір ғана көрінісі. Ал аты-жөнін атамауды сұраған келесі кейіпкеріміз басынан өткен ауыр нәубетті бүкпесіз былайша баяндады.

ТҰРҒЫН:

Ішеді, шөп шегіп келеді, жұмыс істесе де күнделікті жұмысына апарып ойынға салып келеді. Квартираның ақшасын ойнатып келді. Ішіп келді үйге. Ұрысамыз ғой. Қазір көресің ғой деді. Пышақты алды, әй дегеніме болмады, пышақ тұрған кухняда холодильникке тақап, итеріп барды да, мойныма мын жерге тақап тұрды ғой ұшын. Мынаны қазір ұрып жіберсем, холодильникпен қосылып кіріп кетесің ішіне деді. Мені ұстап алып қылқындыра бастады ғой.

Далаға амалын тауып қашқан бұл кейіпкер де құқық қорғау органдарына хабарласып, дағдарыс орталығын паналау арқылы өмірін аман алып қалыпты. Ал жүйелі түрде қайталанған қысымды көре тұра, «алғашқы қол көтерген сәтте неге кетіп қалмадыңыздар?» деген сауалға олар былай деп сыр ақтарды.

ҚАРЛЫҒАШ ТЕШАБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Енді мен қыздан кейін бала босандым, енді ұл тудым, ол басылады деп ойладым, может өзімді сендірдім соған. Өзімді сендірдім, жақсы болып кетеміз деп.

ТҰРҒЫН:

Болды, кешірші деп аяғыма жығылады, тізерлеп сүйеді аяғымды ананың неткен кезінде, мен действительно ой деп қаласың ғой. Кәдімгідей сенем, болды, осыдан кейін қайталамаймын деп жатыр ғой деп өткізіп жіберемін.

Психолог мамандар бұл сөзді растап, зорлық көрген әйелдердің агрессордың айла-шарғысы мен манипуляциясының арбауынан шыға алмайтынын алға тартады.

ЕРЖАН МЫРЗАБАЙ, ПСИХОЛОГ:

Бұл зорлық-зомбылық ұру-соғуда әрдайым түзеледі, өзгереді деген жалған үміт шыдатады. Одан кейін осыншама таяқ жедім, енді түзелетін шығар, бекерге таяқ жедім ба, соншалықты кетпедім ғой, сәл шыдасам, кішкене қалды ғой деген нәрсе бар. Үшіншіден, бұл агрессордың манипуляциясы. Бір сәтте қатты ашуланады, ұрып-соғып, қорлап, быт-шытын шығарып жіберуі мүмкін, одан кейін ештеңе болмаған сияқты жылап, қайғырып, кешірім сұрауы мүмкін.

Мамандардың пайымынша, мұндай сәтте қоғам болып жауапкершілікті сезіну аса маңызды. «Неге дереу кетіп қалмадың?» деп бар кінәні жәбір көрген әйелге артпай, керісінше, сырттай қолдау танытып, оны бұл зұлымдықтың шырмауынан бірлесіп алып шығу қажет.

ЕРЖАН МЫРЗАБАЙ, ПСИХОЛОГ:

Сол үшін айналасындағы адамдар бұндай нәрсені байқаған, көрген кезде үшінші тарап сол кісілерді құтқару керек. Полицияға шағымдану арқылы, туысқандары, жақындары бар болатын болса, барып үйінен алып кету арқылы арнайы бізде отбасы қолдау орталықтары бар, дағдарыс орталықтары бар, сондай жерлерге апарып, психологтармен жұмыс істеу арқылы сырттың күшімен оны алып кетпесек, ол іштей өз-өзімен алып кетуі қиын.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан әйелдердің жұбайларының қолынан қаза табуы қоғамды алаңдатады. 2025 жылы Талдықорғанда Айзат Жұманова көз жұмып, бұл іс бойынша айыпты 14 жылға сотталды. Екі баланың анасы Айжан Баяхметова да бұрынғы жұбайының соққысынан қаза тауып, қылмыскер 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Нұрай Серікбайды 35 рет пышақтаған Шерхан Аймхан өмір бойына сотталды.

Осындайда қорған болар дағдарыс орталықтары көп болса дейсің. Алайда үміт артар сол орындар саусақпен санарлық. Мамандардың айтуынша, елдегі дағдарыс орталықтары азайып барады.

АННА РЫЛЬ, ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Шынын айту керек, қазір елімізде дағдарыс орталықтарының саны екі есеге қысқарды. Бір кездері 60-қа жеткен еді, әзірге жұмыс істеп тұрғандардың саны – 36. Және ол жыл өткен сайын азайып жатыр. Біз әрқашан орын жетпейді деп айтып келеміз. Жаңа өмірді бастағысы келетін әйелдер мегаполистерге ағылады. Бірақ орын жетіспейді. Қарапайым Астананың өзінде мемлекет балансындағы дағдарыс орталығында 70 орын ғана бар, босап қалса, бірден адам алып келеді. Ал мен басшылық етіп отырған жерде 65 адам тұра алады. Оның өзі де жыл он екі ай толып тұрады.

Қиындықтарға қарамастан, елімізде жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеріп жатқаны көңіл қуантады. Соның бір дәлелі – Петропавл қаласында есігін айқара ашқан, құны 172 миллион теңгені құрайтын 50 орындық жаңа дағдарыс орталығы. Қазірдің өзінде өңірде көмекке зәру 79 отбасы тіркелген. Енді бас сауғалар мекен таппай сандалған жандардың жол тауып, үмітінің қайта жанары анық.

АЙНҰР ШАЙМЕРДЕНОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Маңызды әлеуметтік жобалардың бірі деп есептейміз. Бұл орталық қиын жағдайға тап болған әйелдер мен отбасыларға қауіпсіз орын ұсынып, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз – ол адамды жалғыз қалдырмау. Өзіне керек қолдауды осы жерден таба алады. Төтенше жағдайда полиция нөміріне 102 немесе 111 байланыс орталығына хабарласуға да болады.

Бұл түйткіл мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған жоқ. Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы заңға өзгеріс енгізіліп, маңызды екі бап әкімшілік құқықбұзушылық санаттан қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Ішкі істер министрлігінің дерегі бұл батыл қадамның өз нәтижесін беріп, зорлық-зомбылықтың жолын кесуде оң өзгерістер әкелгенін растайды.

АҚМАРАЛ СЕРІКБАЕВА, ҚР ІІМ ӘПК ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Нақты әкімшілік кодексте болған әкімшілік құрам болған 2 бап, олар – ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру баптары қылмыстандырылған болатын. Қазір 2 жылдан астам уақыт өтті. 2 жылдың ішінде статистикаға келетін болсақ, ауыр қылмыстардың, аса ауыр қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтірудің саны 8 айдың қорытындысы бойынша 22 пайызға азайды. Жеңіл 2 бапты қылмыстандыру арқылы, құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы біз аса ауыр қылмыстардың санын азайтуға қол жеткіздік деп айтуға болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ауыр қылмыс. Бір әттеген-айы, бұны біз ұзақ жылдар әзілге арқау қылғанымызда. Таяқ жеу норма, ұрыс-керісті қалыпты етіп көрсету әзіл-сықақ театрларында сахналанды. Сөзіміз дәлелді болсын, мына бір миниатюраны қараңыз.

МЕДЕУ ДОСТАЕВ, МИНИАТЮРАДАН ҮЗІНДІ:

Кеше ішіп кепті, әй-шәйға қарамай көзіме зырқ еткізсе бола ма? Ойбай, Базаркүл, біратала көзіме удар тигенде птичкам ойнап кетті ғой, масқара. Ойбай, айналайын-ай, сен шәлтиіп қалған деп менсінбей тұрған шығарсың, әйтпесе өзіміз бар ма, аптасына екі рет таяқ жемесек, арқамыз тырысып қалады.

Ал бүгінгі таңда экраннан отбасылық құндылықты дәріптеп, әйелге қол көтеруге болмайтынын, ер мен әйелдің жұдырықтаспау керектігін айтып жүрген «Қосылайық» бағдарламасы тікелей эфирде осы тақырыпта түрлі ақыл-кеңес беріп келеді.

БАЛАУСА АМАНТАЙ, «QOSLIKE» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Қалай бойында агрессиясы бар, бәлкім қандай да бір сондай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім ер азаматтар болса, оны қалай ажыратып білуге болады деген секілді эфир сыртында да, эфир ішінде де біз үнемі қыздарға, әсіресе 18-19 жастағы қыздар келіп жатады.

Дәл осы ойды психолог маман да құптайды: отбасын құру үшін арнайы білім қажет, әрі елімізде бұл институт жан-жақты дамуы тиіс. Көбіміз баламыздың оқып, білім алуына баса мән береміз, алайда шаңырақ беріктігін сақтауға келгенде сауаттың таяздығы мұндай ауыр қылмыстар мен ажырасуларға түрткі болып отыр.

ЕРЖАН МЫРЗАБАЙ, ПСИХОЛОГ:

Адамдар қарапайым көлік жүргізу үшін кемінде 2 ай, 3 ай курстан өтіп, көлік тізгініне отырады. Ал жас отбасылар отбасы жүргізу көлік жүргізуден қиын. Оның белгілі ережелері бар. Белгілі принциптері бар. Оның өз заңдылықтары бар. Соларды оқымай, білмей, игермей, білім алмай отбасын жүргізу қиын. Сол үшін бізде ажырасу статистикасы өте жоғары. Әрбір үшінші жұп бізде қазір ажырасуда. Қазір ол көрсеткіш қырық пайызға дейін көтеріліп кеткен мысалы.

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлықтан шығудың алғашқы қадамы – қауіпсіз жерге жету. Ал мұндай жағдайда 102 немесе 111 нөміріне хабарласуға болады. Бірақ сарапшылардың сөзіне қарағанда, мәселені тек жәбірленушіні қорғаумен шектеу жеткіліксіз. Баспанамен, жұмыспен, құқықтық және психологиялық көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ агрессормен жүйелі жұмыс қатар жүруі керек.

← Барлық жаңалықтар