Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Шымкентте мұғалімге терезе жуғызып қойған

Шымкентте өз міндетіне кірмейтін жұмысқа жегіліп, терезе жуған мұғалімнің дауына қатысты тексеру аяқталды. Сәйкесінше, Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектептің директоры мен орынбасары қатаң сөгіс алды. Десе де, олар тексеру барысында педагогке тазалау жұмыстарын жүргізуге тапсырма бермегендерін айтыпты. Бірақ бұл аргумент оларды жазадан құтқармады. Нысанды күтіп-баптауға қаржы қаралады екен.

ОЛЖАС ЛЕСБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұл жағдай бойынша білім ошағының директорына тәртіптік шара қатаң сөгіс ретінде қолданылды. Және мекеме басшысының техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша орынбасарына да қатаң сөгіс ретінде тәртіптік шара қолданылды.

Алайда биология пәнінің мұғалімі Нұргүл Жаңғабылова мектеп басшыларының тапсырмасымен терезе жууға мәжбүр болдым деп отыр. Сол сәтте құлап, белі мен басын ауыртып алған. Алған жарақаттарынан кейін дәрігерлер бірден ауруханаға алып кетіп, 5 күн ем-дом қабылдапты. Сол кезде ешкім халін сұрамапты.

НҰРГҮЛ ЖАҢҒАБЫЛОВА, №39 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ:

Менің талабым – заң жүзінде жауап берсе деймін. Директор, маған талап еткен завучтар заң жүзінде жауап берсе деймін. Өйткені менің еңбек шартымда кабинетті жуу, кабинетті сырлау менің еңбек шартыма кірмейді.

← Барлық жаңалықтар