Бүгінде заман озған сайын ағымнан қалысқысы келмейтін жандар жеткілікті. Оларды заманауи адамдар деп айтады. Яғни, маған кім не береді, қашан береді деп бір орнында отырмайтын қайта, “ мен не жасай аламын”, “қалай байып”, “қалай белді де белсенді тұлғаға айналсам” деп өз өздерін жігерлендіріп, алға қарай сүйреп қорықпай кәсіп бастап кететін мұндай адамдарды заманауи тұлғалар деуге әбден лайық. Ал ерлер ірі кәсіпкер, белгілі бір шенеунік дәрежесіне дейін көтерілсе, ал нәзік жандар бизнес ашып, отбасын гүлдендіріп тіпті қайырымдылық шараларды қолдарынан келгенше ұйымдастырып жатады. Бірі көкжәшіктен күлімдеп шығып жатса, енді бірі инстаграм, фейсбук сияқты әлеуметтік желілерде дүрілдеп жатады. Оларға қарап өскелең ұрпақ бой түзеп, ой күзейді. Осындай жандардың қатарында “Әйел сыры” бағдарламасын жүргізетін тележүргізушілерді де атасақ болады. Әнші, актриса, бизнесвумэн, журналистерден құралған топ әр аптаның сенбі-жексенбісі күні қоғамдағы белсенді тұлғалармен сыр-сұхбат жүргізіп, әйелдер арасындағы құпия сырларды ашады. Ал өздерінің құпиясы жайлы көп біле бермейміз. Ендеше олардың да ішкі сырларын біз де ақтарып көрген едік.
Салтанат Асанқызы- “Әйел сыры” бағдарламасының жүргізушісі
Заманауи әйел мен заманауи табысты әйелдің арасында айырмашылық бар ма ?
Негізі екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Заманауи әйелдің өзі заман талаптарына сай деген сөз. Жұмысқа да, үйге де үлгеретін әйел деген сөз. Заманауи табысты әйел дегеніміз жұмысын да үйін де екі есе жылдамдықпен алып жүрген әйел деп айта аламыз. Мен ешқандай айырмашылық көрмеймін. Заман талаптарына ілесіп жүре алсаңыз сіз табысты әйел боласыз деген сөз. Ол туралы біз “Әйел сыры” бағдарламасында жиі айтамыз.
Егер “алтын балық” ұстап алсаңыз қандай 3 арманыңызды айтар едіңіз ?
Қызық сұрақ екен. Бұрын- соңды ойланып көрмеппін. Бірінші жетім балалар болмаса екен деп тілер едім. Өйткені ата-аналары бар балалардың бәрі бақытты болады. Екінші ата-анам , бауырларым мәңгілік өмір сүрсе деп тілер едім. Үшіншісі отбасылық бақыт. Жақында мен тұрмысқа шығамын. Отбасылық бақытымның баянды болуын тілер едім.
Сіз мансабыңыз мен отбасылық өміріңізді қалай ұштастырар едіңіз ?
Меніңше қазір ешқандай қиындық жоқ. Үйді де жұмысты да бірдей алып жүруге болады. Таңертең сағат алтыдан тұрсаңыз балаларды да сабаққа дайындап, күйеуіңнің де көңілін табуға болады. Әйел адам тұрмысқа шыққан соң, оның декреттік демалысы болады. Сондықтан барлығы өз ретімен болуы керек. Мен ешқашан қиындықтан қашпаймын. Адамның энергетикасы толы болса, қандай нәрсені қалайсыз соның барлығы орындалады. Сондықтан жұмыс та отбасы да адамның өзінің ниетіне қарай бір арнаға тоғысатын сияқты.
Нені уайымдайсыз ?
Анам үшін уайымдаймын. Әрдайым өзім алып жүремін қасыма. Негізі мен ештеңеге қатты уайымдамаймын. Бір рет табыс тауып көрсең, кез келген жерден кілтін табасың. Сондықтан ақшам болмай қалады деп қорықпаймын.
Сіз құрбылар арасында шынайы достық болады дегенге сенесіз бе ? Сенімді досыңыз бар ма ?
Сенемін. Менің құрбым бар. Аты Гүлнәз. Мадина деген құрбым болған мектеп кезінде. Бірақ, өкінішке орай тұрмысқа шыққаннан кейін онымен араласпай қалдым. Мадина екеуіміздің құрбылық достығымыз, жүректегі сезімдеріміз таусылған емес. Ал Гүлнәз деген құрбым журналист. Өмірге деген көзғарасымыз ұқсайды. Ой алмасамыз, ол мені ұнемі қамшылап отырады, мен оны қамшылаймын. Ортақ жобаларымызды жиі талқылаймыз. Шоу бизнесте құрбы болмайды деп жатады, ал журналистика шығармашылық қой, ондай ортада құрбы болады. Бірақ өте аз болады. Менің таныстарым, журналистикада достарым өте көп бірақ жақын құрбыларымнан осы бір ғана құрбыммен сыр бөлісе аламын.
Қиын жағдайда өзіңізді қалай қамшылайсыз ? Қалай өзіңізге мотивация бересіз ?
Мен барлық нәрсеге шүкір деймін. Кейде автокөлігімнің дөңгелегі жарылып қалса немесе ақшам болмай қалса шүкірлік қыламын. Мен де машина бар ал, кейбіреулер осыған жете алмай жүр деп, немесе менде жылы тон бар ал, кейбір адамдар жете алмай жүр жылы киімге деп шүкір етемін. Осы ой мені қамшылайды. Сосын менің туған туыстарым мені “Әйел сыры” бағдарламасынан көрсе қуанады, пікірлерін айтады, ары қарай өскенімді қалайды. Сондықтан жақындарымның, әсіресе анамның тілектері мені қуаттандырады.
20 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз ?
20 жылдан кейін мен өзімді орыс және қазақ тілінде сқхбат жүргізе алатын, қалыптасқан журналист ретінде көремін және кем дегенде жеті баланың анасы болуым керек. Осылайша көп балалы ана алтын алқа иегері атанғым келеді. Сондай-ақ таңертең ерте тұрып тамақ жасайтын ас үйім болады, тағамдарды өте дәмді пісіремін. Торт пісіремін, соған қарағанда кәсібім болатын шығар. Сосын жарыммен бүкіл елді саяхаттайтын бақытты отанасы боламын.
Бағдарламаға тақырып таңдау қиын ба ?
Мен қазір “Әйел сыры” бағдарламасының шеф-редакторымын және жүргізушісімін. Нәзік жандардың құпиясын ашатын бағдарлама болғандықтан, бәріміз ат салысамыз. Барлық тақырып қамтылады. Отбасын құру, баланы туу, оны өсіру, үйде қандай әйел бола білу керек сияқты ұсақ-түйек мәселеден бастап, ғаламдық деңгейдегі проблемаларды да талқылап тастаймыз. Сенбі жексенбі эфирден көріңіздер.
Жеңіс Ысқақова-жүргізуші және әнші
Заманауи табысты әйел қандай болуы керек ?
Біріншіден өзіне сенімді, шыдамды, сабырлы болуы керек.
Сіз әншісіз, тележүргізушісіз және рөлдерде де ойнайсыз. Отбасыңыз бар. Барлығына қалай үлгересіз ?
Мен сол еңбекқорлығымның арқасында үлгеремін. 2 балам бар. Сол екеуін бала күтушісіз –ақ өзім өсірдім. Үйде мен анамын, әйелмін, жұмыста әртіске айналамын. Мәселен менің ертең жұмысым таңнан кешке дейін жалғасады деген күні мен барлық тағамдарды алдан ала дайындап, балаларымның күйеуімнің жағдайын жасап қарындары ашып қалмауын қамтамасыз етемін. Мен бар жоғы 4-5 сағат қана ұйықтаймын. Мәселен кеше бізде демалыс болды. Мен сағат тоғызға дейін ұйықтайыншы деп ойлағам алайда көзім тез ашылып, таңғы сағат алтыда ерте тұрып кеттім.
Қандай қорқынышыңыз бар уайымыңыз бар ма ?
Мен енді туысқандарым үшін қорқамын. Олар әрқашан аман жүрсе екен деп тілеймін. Дегенмен қартайып кетуден қорықпаймын. Әдемі қартаюдың өзі бақыт. Өмір бәріне беріледі, ал қарттық тек таңдап алынғандарға ғана беріледі.
Құрбылар арасындағы достықты қалай бағалайсыз ?
Барлық достықта өзінің жауаптылығы болады. Жауапты махаббат, жауапты достық деген сияқты. Менімен ғана дос болғ менімен ғана бірге жұмыс істе, мені ғана жақсы көр деген түсінік болмайды. Барлық достық өзара үйлесім тапқанда ғана нағыз шынайылыққа айналады.
Қиындықта өзіңізді қалай алға сүйрейсіз немесе қалай қамшылайсыз ?
Мен былай ойлаймын. Алла бізге өмір берді. Ең бастысы денсаулығым бар, туыс-туғандарым аман болса, солар үшін өмір сүру керек. Әрбір сәтіңе қуана білу керек.
20 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетер едіңіз ?
Мен алдыма мақсат қойдым. 60 жасқа дейін жұмыс істеймін де сосын демалысқа шығып, күйеуіммен қол ұстасып әлемді аралаймын. Қыста жылы жақтарды, жазда салқын жақтарды аралаймын. Көктем мен күзді Алматы немесе Астанада қарсы аламын.
Жанат Бақыт-тележүргізуші, бизнесвумен
Өзіңізді қандай нәзік жанмын деп есептейсіз ?
Әйел бір қолымен бесік тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді ғой. Сондықтан қазіргі заманның әйелдері жан-жақты болуы керек. Аз ұйықтасаң бәріне үлгересің. Ешқашан сегізге дейін ұйықтап жатпаңдар қыздар, сағат таңғы алтыда тұрсаң, бірнеше ісің тезірек бітеді. Сағат 10-12 тұру “бітті” деген сөз, ырысыңнан айырыласың. Мен мысалы таңғы алтыда балаларымды сабаққа тұрғызып жіберемін. Сағат күнде үшке дейінгі уақытымның барлығын жұмысқа арнаймын. Бірнеше дүкенім бар. Соның барлығын бітіруге 5 сағатымды жұмсаймын. Тауар тасимын, фотоға түсу керек.
Құпия болмаса қанша балаңыз бар ?
Әзірге екі балам бар. Біреуі мектепте оқиды, екіншісі балабақшада. Бес сағаттың ішінде барлығын бітіремін. Біздегі қатып қалған қағида дүние құрып кетсе де сағат жетіде кешкі ас дайын болуы керек. Қазақта сөз бар ғой “Ұлыңды басқа жерден тойдырма, қызыңды басқа жерге қондырма” деген. Сол қағиданы қатаң ұстанамын.
Сенімді құрбыңыз бар ма ? Құрбылар арасындағы шынайы достыққа сенесіз бе ?
Бұрын мен ойлайтынмын, досқа уақыт көп кетеді деп. Бірақ қазір менде бәрі бар екен, досым аз екен. Саусақпен санаулы ғана. Негізі дос керек екен. Не ойлайсың, соны тартасың. Мәселен, достың бәрі сатқын андай-мындай десең, сенің де шынымен достарың сондай болады. Менің енді енді достарым көбейіп келеді. Өзім біреудің аяғынан тартып, іштарлық жасап көрмегенннен кейін, достарым да сондай деп есептемеймін. Достарым дұрыс болмай жатса , көзімді жұма саламын.
Заманауи нәзік жан неден қорқады ?
Бір Құдайдан ғана қорқамын. Жыл өткен сайын анам қартайып барады. Соған уайымдаймын. Аман болса екен деп тілеймін. Жақындарымнан айырылудан ғана қорқамын.
Өзіңізге қалай мотивация бересіз ?
Жақсы нәрсе ойлаймын. Еңбек ету керек. Біреу маған бірнірсе беру керек еді деп алақан жаймау, күтпеу. Кітап оқыған кезде өзіме бір күш жігер аламын. Әсіресе мотивация беретін кітаптар оқып, тренингтерге қатысамын. Бизнес-тренингтерге қатысамын. Ол да қызық. Отбасы туралы семинарлардан да қалыспаймын.
20 жылдан кейін өзіңізді қандай адам ретінде көресіз ?
Мен өзімді бизнесвумэн ретінде көремін. Ірі сауда үйлерінде менің дүкендерім болса.
Гүлнәз Ауданбаева-тележүргізуші, журналист
Сіздің ойыңызша заманауи келіншектер қандай болуы керек ?
Әр келіншек өз- өзін дамыту үшін психологиялық кітаптарды көп оқу керек. Егер ойына қандай да бір идея келсе оны жүзеге асыру керек. Еңбектену керек. Сосын міндетті түрде отбасын ұмытпау керек. Әйелдік энергияны сақтауды көбірек түсіну керек. Өйткені қазір бәсекелестік өте көп. Мәселен, сіздің сүйіктіңіз біреуге кетіп қалуы мүмкін. Әйел сондықтан қуатты жігерлі болуы қажет.
Сіз отбасы мен кәсібіңізді қалай реттейсіз ?
Мен телевидение саласында 20 жылдан астам уақыт жүргендіктен бұл тәжірибеден өткен нәрсе. Бір кездері болды отбасыма көңіл бөлмей қойған кезім. Сондықтан қазіргі әйелдерде отбасымды да ұмытпаймын деген ниет болуы керек. Мен әзерге ана атанған жоқпын. Аяулы ана атану үлкен арманым.
Алтын балық ұстап алсаңыз, қандай үш тілек айтар едіңіз ?
Ең бірінді менің ата-анам туыстарым аман болып, ұзақ өмір сүрсе екен. Екінші тілегім отбасылық бақыт тілер едім. Көп балалы ана атанып, ешқашан таршылық көрмесем. Үшінші тілегім жақсы бір кәсіп.
Әйелдер арасында шынайы достық бола ма ?
Болады. Достыққа өте нәзіктікпен қарау керек. Ал менің ең сырлас досым ол менің әпкем. Ал нағыз шынайы сырлас құрбыны сен өзің сондай болған кезде ғана табасың. Мен мәселен кез келген құрбыма өте адал дос бола білемін.
Заманауи қыз-келіншектердің бойында қандай қорқыныш болады ?
Қазіргі қыз-келіншектер қартайып кетуден қорқады. Жастығымды жоғалтып алмайыншы деген уайымға түседі.
20 жылдан кейін өзіңізді қандай адам ретінде көресіз ?
Мен көп балалы ана атанамын және немерелерім болады.
Қиын жағдайда өз- өзіңізді қалай жігерлендіресіз ?
Мен көп жағдайда жасаған қателіктерімнен сабақ алуға тырысамын. Сосын тек алға қарай ұмтыламын. Бір жерде отырып қалмаймын. Үйден шығып бір нәрсемен айналысуға бет бұрамын.
“Евразия” бірінші арнасынан апта сайын шығатын “Әйел сыры” бағдарламасының нәзік жандары өздерінің ой-тәжірибесімен осылайша бөлісті. Өздерін кез-келген жағдайда жігерлендіріп жүретін келіншектер өмірде өте қарапайым. Әдемі жүріп, әдемі сөйлеудің қыр –сырын меңгерген бұл нәзік жандар отбасын да кәсібін де дөңгелетіп жүр.