Ауыл тұрғындары клубқа баруға қорқады. Бұл қаладағы көңіл көтеретін клуб емес, шалғайдағы елді мекендердің рухани ордасына айналған мәдениет үйі. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ ауылының халқы мәдени нысанға кіруге жүрексінеді екен. Өйткені үш жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен ғимараттың қабырғасына түскен сызат ұлғайып барады. Төбесі де қорқынышты. Аса бір көне нысан емес, 1990 жылы салынған. Концерт көріп отырғанда үстімізге құлап қала ма деп алаңдап отыр. Тезірек бұл олқылықтарды жоймаса, мердігер компания кепілдік мерзімі бітті деп ұстатпай кете ме деген ойларын да жасырмады. Дегенмен аудандық мәдениет үйіндегілер алаңдауға еш негіз жоқ деп сендірді.
АЗАМАТ СӘТБЕКОВ, ӘЙТЕКЕ БИ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Соңғы рет 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «БаспанаБилд» ЖШС жүргізген, 62 млн 810 мың теңге қаражатқа. Тұрғындардың көрсетіп тұрған төбедегі сызаты сылақтардың түсуінен орын алған. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу алдында Жабасақ клубына техникалық сараптама жүргізіліп, нысанды күрделі жөндеуге болатындығы жөнінде тиісті құжаттамалар жасалған. Апатты деп айтуға ешқандай негіз жоқ.