Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Жол ақысы қымбаттайды

Қымбатшылық көші елорданың қоғамдық көліктерін де айналып өтпеді. Желтоқсаннан бастап автобус билеті 150 теңге болады! Шенеуніктер жанармайдың бағасы мен жүргізушілердің жалақысын сылтау етіп, ақталуға әзір отыр. Ал автобуста сығылысып жүретін халықтың айлығы орнынан қозғалған жоқ қой.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Алып шаһардың қарбалас тынысында автобус күнделікті тіршіліктің ажырамас серігіне айналғалы қашан. Бұл қоғамдық көлікпен күн сайын мыңдаған тұрғын қатынайды. Әркімді өз межесіне уақытында жеткізетін дәл осы қызмет үшін елордалықтар енді 110 теңгенің орнына 150 теңге төлемек.

Елорда әкімдігінің дерегіне сүйенсек, жолақы 2014 жылы 90 теңге болып бекітілген. Одан соң қайта қаралып, 110 теңге болған. Алайда жауаптылар бағаның көтерілуін жүргізушілердің айлығы мен күнделікті шығындардың шарықтауымен байланыстырып отыр.

АЛИХАН КЕРІМЖАН, ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Салыстырмалы түрде айтып кетсек, 2014 жылы дизель жанармайының құны 107 теңгені құраса, 2026 жылы оның бағасы 326 теңгені құрайды. Ол 3 есе көтерілді деп есептесек болады. Және автобус жүргізушілерінің жалақысы 2014 жылы 100-150 мыңды құраса, бүгінгі таңда бұл 700 мың теңгеге дейін барады.

Шығындардың қатары бұнымен шектелмейді. Маусым сайын ауыстыратын көліктің дөңгелегі, техникалық тексерулер тасымалдаушылардың қалтасына айтарлықтай шығын болып отыр екен. Бұған қарамастан, елорда әкімдігі соңғы 3 жылда 1127 жаңа автобус сатып алыпты. Ал урбанист шығынымыз көбейді деп жыларман күйге түскен әкімдіктің уәжін негізсіз деп санайды. Өйткені қоғамдық көлікте жол жүру ақысын қанша көтерсе де ақталмайды дейді.

ЕРСАЙЫН НҰРҚОЖА, УРБАНИСТ:

Қоғамдық көлік деген ол ешқашан ақталмайтын нәрсе. Егер де тіпті 2 есе, 3 есе өсірсе де, ол қоғамдық көліктің шығынын ақтамайды ешқашан. Қоғамдық көлікке өте көп қаражат жұмсалады Үкімет тарапынан, себебі бұл кәсіп емес. Себебі бұл халық үшін жасалып жатқан инвестиция ғой, ол ешқашан ақталмайды.

Сарапшылар айтқан шығындар мен субсидия мәселесі бір басқа, ал қарапайым халықтың күнделікті тіршілігінде бұл өзгеріс қалтаға салмақ салады екен.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ, БЛИЦ:

Жоқ, қарсымыз, себебі біз күніне, мысалы, 2-3 реттен мінеміз. Қиын ғой. Негізі қате деп ойлаймын, өйткені айлықтың да бағасы көтеріліп жатқан жоқ қой. Азық-түліктің бағасы көтеріліп жатыр.

Дегенмен әкімдік өкілдері бұл өзгерістің әлеуметтік осал топтарға, ардагерлерге, зейнеткерлер мен 18 жасқа толмаған елордалық жастарға қатысы жоқ екенін атап өтті. Аталған санаттағы тұрғындар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы толықтай сақталады. Ал жаңа баға желтоқсан айынан бастап күшіне енеді.

← Барлық жаңалықтар