Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Қайрат Нұртастың концертіне барғандар ауруханадан шықты

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған азамат қамалды. Полицияның мәліметінше, сатылған билеттер саны стадионның сыйымдылығынан әлдеқайда асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер бір-бірін таптап өтіп, 18 жастағы қыз жарақаттанып, ауруханаға түсті. Тағы жеті адам медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберіліпті. Сондай-ақ тәртіп сақшылары шара кезінде үш адам қаза тапты деген ақпаратты жоққа шығарды.

ЕРКЕБҰЛАН ЕРЕЖЕПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза болғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза болғандар жоқ. Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Бұл жағдайға қатысты Freedom Афиша компаниясы да түсініктеме берді. Мекеменің мәліметінше, билеттер ұйымдастырушы белгілеген квота аясында сатылған. Ал концерт өтетін орынды әзірлеу, көрермендердің кіріп-шығуын ұйымдастыру және күзет қызметін қамтамасыз ету компанияның міндетіне кірмеген. Сонымен қатар ондағылар тергеу жұмыстарына қажетті материалдарды ұсынуға дайын екенін жеткізді.

← Барлық жаңалықтар