Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Яндекс қызметтері қашан қалпына келеді?

«Яндекс» қызметтері қашан толық жұмыс істейді? Сервиске кіре алмай сенделген елдің сұрағына Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі жауап берді. Жаслан Мәдиевтің сөзінше, цифрлық платформа қазір қызметін атқарып тұр. Тек компания өкілдері оның жұмысын тұрақтандыру үшін күш салып жатыр екен. Сала басшысы алдағы 2-3 күнде көпшілік күткен қосымшалардың қалпына келеріне үмітті.

Айта кетейін, қазақстандықтардың тапсырыс пен такси қызметінен қағылғанына украиналық дрондардың шабуылы әсер еткен. Ұшқышсыз ұшу аппараттары компанияның Ресейдегі деректер орталығына шабуылдап, Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі ғимараттарын бүлдірген. Осыдан соң сервистегі ақаулар Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстанда, Беларусь пен Арменияда байқалған. Министрлік қазақстандықтардың жеке деректеріне ешқандай қауіп жоқтығын хабарлады. Өйткені ондай мәліметтерді сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан екен.

← Барлық жаңалықтар