Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырған азамат қамалды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. 10 қазан күні белгілі өнерпаздың ән кешінде сатылған билеттер стадионның сыйымдылығынан әлдеқайда асып кеткен көрінеді. Салдарынан адамдар бір-бірін жаншып, таптап, концерттен зорын көріп қайтыпты. Көңіл көтеремін деп барып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққандар бар.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, Қайрат Нұртастың концерті басталмай жатып-ақ стадионның сыртында талас-тартыс болған. Сағат төрттен ашылған есікті ұйымдастырушылар жетіде тарс жауып тастаған. Сол сәтте билеті барлар кіре алмай қалып, ал билеті жоқтар ұрымтал сәтті күткен. Жұрттың наразылығынан соң концерт басталғаннан кейін қайта есік ашылып, барлығы жапа-тармағай ішке ұмтылған. Айқай-шу, шаш жұлу, бір-бірін таптау сол сәтте басталыпты.
Барлығы ішке ұмтылып кіргеннен соң, сахна жаққа лап қойыпты. Сол сәтте кейбір тыңдарманның аяқ киімдері қалып кеткен, басқалары сөмкелерін таппай қалған. Тіпті кішкентай балалармен барып, әбден әбігерге түскендер де жетіп-артылады дейді концертте волонтер болғандар.
АСЫЛБЕК НАРБЕКОВ, ВОЛОНТЕР:
Айқай-шу Қайрат Нұртас сахнаға шыққаннан кейін, есіктер қайта ашылғаннан сол кезде басталды. Бір-бірін итеріп, ешкім ешкімге қарамай, ішке қарай кіру ғана болды ойлары. Билетке қараған жоқ көбісі. Өздерінде бар болса да, жоқ болса да, сол сахнаға жақынырақ көру үшін ғана алға қарай барды.
Осылайша, ырыққа көнбегендер бір-бірін таптап, төбелесуден де арланбаған. Салдарынан 8 адам жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Оның 7-еуі кейін үйіне жіберілсе, 18 жастағы бойжеткен ауыр жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр екен. Ал тәртіп сақшылары концертте адамдар қаза тапты дегенін жоққа шығарды. 3 адам өлді, 50 тыңдарманның аяғы сынды деп жалған ақпарат таратқан келіншек жазаланған. Сондай-ақ кешті ұйымдастырушы да ұсталып, қамауға алынды. Полицияның мәліметінше, сатылған билеттер саны стадионның сыйымдылығынан әлдеқайда асып кеткен.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРЕЖЕПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Адамдардың қысылып қалуы салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза болғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қаза болғандар жоқ. Концерт ұйымдастырушысы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде. Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:
Қайрат Нұртастың шығармашылық кешіне айқаймен кіргендер шығатын кезде де жетіскен жоқ. Себебі ұйымдастырушылар бір-ақ есікті ашып, мыңдаған адам сол жерде кептеліп қалыпты. Тіпті орталық стадионның есігін сындырып, заттарын таппай әрең дегенде қайтқан. Жұрттың есінде біразға дейін қалатын концертті жұрттар әлеуметтік желіде әлі күнге дейін қызу талқылап жатыр.