Мазмұнға өту
· 13 қаралым

Алатау қаласында 58 қабатты ғимарат салынады

Iconic Complex көпфункционалды кешені қаланың іскерлік және қаржы ауданы аумағында орналасады. Бүгін алып ғимараттың құрылысы ресми түрде басталды.

Алатау қаласы қарқынды дамудың жаңа кезеңіне өтті. Биіктігі 272 метр болатын Iconic Complex заманауи шаһардың басты сәулеттік символына, Қазақстанның оңтүстігіндегі ең зәулім ғимаратқа айналмақ. Жалпы ауданы — 276 800 шаршы метр. Құрылысқа салынатын жеке инвестиция көлемі шамамен 800 миллион доллардан асады.

Кешенде А-плюс санатындағы кеңселер, бес жұлдызды қонақүй, премиум деңгейдегі апартаменттер, ірі сауда орталықтары, мәдениет және халық демалатын қоғамдық кеңістіктер ашылады деп жоспарлануда.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Осы іскерлік орталық ең маңызды жоба болып жатыр. Оны жүрегі деп айтуға болады. Болашақ іскерлік орталығы осы жерде орналасады. Қапшағай жағына қарай 25 шақырым жерде әкімшілік орталық болады. Онда әкімдік, прокуратура, полиция департаменті сияқты мекемелер орналасады. Ал оң жағында өндірістік аумақ болады».

Зәулім ғимараттарды жобалауға әлемдегі жетекші америкалық сәулет және инженерлік бюро жұмылдырылған. Бұл бюро Дубайдағы Бурдж-Халифа мен Нью-Йорктегі One World Trade Center сынды ғимараттарды жобалаған. Сәулетшілер аймақтың сейсмикалық ерекшеліктері де ескерілгенін жеткізді.

Габриэле Пасколини, жоба сәулетшісі: «Ғимаратты жобалау кезінде біз бірнеше маңызды факторды ескердік. Оның атқаратын қызметі, аймақтың сейсмикалық сипаттамасы және экологиялық талаптар басты назарда болды. Сәулетшілердің мақсаты — осы факторлардың басын біріктіріп, айналамен үйлесім табатын біртұтас нысан тұрғызу. Бұл талаптар ғимараттың сыртқы келбетіне ғана емес, оны салуда қолданылатын озық технологияларға да тікелей әсер етті».

Жобаның бас мердігері Бейжіңде орналасқан, әлемдегі ірі құрылыс және инвестициялық топтардың бірі болып таңдалыпты. Топ құрамындағы компаниялар зәулім ғимараттар, тұрғын үй және іскерлік кешендер, әуежайлар, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салады.

Гао Бо, Iconic Complex кешенінің бас мердігері: «Қазақстан Президентінің Қытайға сапары барысында маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар әлемге әйгілі China Construction компаниясының Iconic Towers зәулім кешенінің құрылысына қатысуы туралы келісімге келді. Болашақта бұл кешен жаңа Алатау қаласының басты сәулеттік символына және іскерлік өмірдің орталығына айналмақ. Ал мұндай ауқымды жобаға атсалысу — үлкен құрмет әрі жоғары жауапкершілік».

Вице-премьер Алатау қаласы 7 миллиард АҚШ долларын құрайтын 67 жобадан тұратын инвестициялық портфельмен жаңа кезеңге қадам басып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, 28 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оларды іске асыруға резервтен 35 миллиард теңге бөлінген.

Ұлан Тәліпбай

← Барлық жаңалықтар