Өткен мен бүгінді ұштастырған ерекше жоба.
Тараздық тұрғын тарихи жерлерге сапар шеккізетін «Uly Dala Joly: Ұлы дала тарихы» деп аталатын үстел ойынын әзірледі. Жоба авторы Ақарыс Әуесханның айтуынша, бұл идеяға «Монополия» ойыны түрткі болған.
Үстел ойынына қатысушылар Отырар, Тараз, Сауран және Түркістан секілді нысандарды сатып алып, дамыта алады. Тіпті Ұлы Жібек жолының бағыттарын қамтитын көлік маршруттары да қарастырылыпты.
Жобаның мақсаты — жастардың қаржылық сауатын арттыру, стратегиялық ойлау қабілетін дамыту және мәдени мұраны жалпақ жұртқа танытуға үлес қосу. Әзірге ойынның 15 жинағы шығып, бірнеше шаһардағы білім беру мекемелері мен волонтерлік ұйымдарға таратылған. Автор мұнымен тоқтап қалмай, тиражды көбейтуді жоспарлап отыр.
Ғалымжан Кенжебек