Мазмұнға өту
· 23 қаралым

Алкоголь тұтынуға да мәдениет керек

Үкімет мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдамақ. Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар министрліктің басшылары мен әкімдерге тапсырма берді. Атап айтқанда, алкоголь саудасын бақылауды күшейту, тәуелді адамдарды емдеу жүйесін жетілдіру, қолдан жасалған ішімдіктің заңсыз айналымына тосқауыл қою міндеттелді. Өңірлерде уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының желісін дамыту мәселесі тағы бар. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі алкогольді тұтыну мәдениетін қалыптастыруы тиіс. «Бұл қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті нығайту үшін керек», – дейді Үкімет басшысы.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Нағыз патриот бірінші кезекте – заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын, еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз керек.

Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бейнебақылау жүйесінің тиімділігі тілге тиек етілді. Қазір Қазақстан бойынша 1 млн 800 мың көше камерасы болса, оның көмегімен 14 мыңға жуық қылмыс ашылған. Жиында Ішкі істер министрлігі бейнесараптама жүйесін кеңейту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жоспарымен де бөлісті.

← Барлық жаңалықтар