Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Айып тұрағы ақылы болады

Жүргізушілерге құлаққағыс! Темір тұлпарыңызды тәртіп сақшылары тиеп әкететін болса, қалтам қағылды дей беріңіз. Алматыда айыптұрақ бағасы көтерілді. Енді ережені өрескел бұзғандар автокөлігін арнайы орыннан шығару үшін кредит рәсімдеуге дейін баруы мүмкін. Оған эвакуатордың ақысы мен айыппұлды қоссаңыз, тағы шығындаласыз. Қаражат іздеп жүргенде ұзағырақ тұрып қалса, көліктің өз құнынан асып кетуі де ғажап емес.

Алматыдағы ақылы тұрақтардың бағасы 4 қазаннан бастап өзгерді. Енді көлігіңізді эвакуатор алып кетсе, айыппұлдан бөлек, тасымалдау қызметіне де ақы төлейсіз. Бұл тек заңды өрескел бұзып, айып тұрағына жеткізілген машиналарға ғана қатысты. Көлікті эвакуациялау 13 мың теңгеге жуық. Ал темір тұлпарды уақытша сақтау үшін бөлек тариф енгізілген. Егер иесі көлігін сол күні кешкі сағат алтыға дейін алып кетсе, қосымша ақы төлемейді. Ал белгіленген уақыттан асқан жағдайда, жеңіл машиналар үшін алғашқы тәулікке 10 мың, ал келесі күндері 21 мың теңге төлем алынады. Жүк көліктері үшін мұндай тариф тіпті жоғары.

АЛМАЗБЕК МӘМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Айыппұл тұрағының ақысы штрафтан да көп шығып жатыр. Неге? Өйткені 12 мың эвакуатор дейді. Бірінші күн тұрақ ақысы 10 мың, екінші күнгі тағы 21 мың. 54 мың теңге қазір айыппұл тұрағына төлеуге мәжбүр болып тұрмын. Жарайды, менің жағдайым бар, аға. Кәсіпкер болғаннан кейін оны төлей аламын.

Қалтаңыз қағылмасын десеңіз, жол ережесін бұзбаңыз! Дұрыс қойылмаған, терезелерін заңсыз қараңғылаған, жалған мемлекеттік нөмірмен жүру, қарсы бағытқа шығу секілді өрескел заң бұзушылықтар болған жағдайда автокөлікті міндетті түрде айып тұрағына алып кетеді. Ал қылмыстық іс бойынша қойылған автокөліктер ұзақ тұратындықтан оларға төлем қарастырылмаған. Сондықтан жол апаты кезінде айып тұрағына жеткізбей жүргізушілерге өзара келіскен жөн.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Егер мемлекеттік нөмірді полиция қызметкері шеше алатындай жағдайда болса, онда екі тарапқа көлікті басқаруға тыйым салынады. Үйге барып, апарып қойып, істері шешілмейінше оны тиісуге болмайды көлікті. Егер бұндайға келіспей сараптама тағайындаймыз, онда ол айып тұрағына қойылады. Бірақ міндетті түрде ескертіледі.

Осы уақытқа дейін автотұраққа көлікті эвакуациялауды патрульдік полиция қызметкерлері тегін атқарып келген. Айып тұрағында көлікті сақтау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған. Енді барлық қызмет ақылы. Қалалық әкімдіктегілер мұндай тарифті бекітудегі мақсат – жүргізушілерді көлігін тез алып кетуге итермелеу үшін қабылданғанын жеткізді.

АҚЖОЛ СӘДУАҚАСОВ, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Жағдай туындауы мүмкін. Мысалы, автокөлік иесі өзінің көлігін сол айыппұл автотұрағында ұзақ уақыт бойы нетсе, ұзақ уақыт бойы алып кетпесе, ол 30 тәулік делік, 30 тәулік болса, ондаған немесе жүздеген мың айыппұл оған салынады. Өзінің көлігінің құнына да жетіп қалуы мүмкін.

Қалада екі айып тұрағы бар. Оның сыйымдылығы 1500 автокөлікке арналған. Дегенмен жол апатынан жарамсыз күйге жеткен, өртеніп кеткен машиналар жылдар бойы жиналып қалған.

ҰЛАН ТӘЛІПБАЙ, ТІЛШІ:

Ақылы автотұрақта жүздеген жол апатына түскен көлік бар. Жарамсыз күйге жеткендіктен одан иелері бас тартқан. Автотұраққа жауапты мекеме енді мұндай көліктердің тағдырын қалай шешерін білмей дал.

Кешкі сағат алтыға таман айып тұрағының алдында қарбалас. Себебі келесі күнге қалып қойса, тағы 21 мың теңге қосылады. Сондықтан жүргізушілер қауымы бұл мәселе қайта қаралуы тиіс деп отыр.

АЛМАЗБЕК МӘМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде құр тұрақ. Енді бұл қаншалықты логикаға, ақылға сыйымды нәрсе екенін түсіне алмадым. Бұл нәрсені қайта қарау керек деп есептеймін бағаларын.

Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері айып тұрағынан түскен қаржыны эвакуаторлар мен айып тұрағын күтіп ұстау мен қызметкерлердің жалақысына жұмсамақ. Ал қаржының басым бөлігі қала қазынасына аударылады деп сендірді.

← Барлық жаңалықтар