Мазмұнға өту
· 24 қаралым

Түркі ынтымақтастығының жаңа кезеңі

Тамыры бір, тарихы ортақ түркі халықтарын жақындастыратын байланыс жаңа кезеңге қадам басты. Анкара қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті осының айғағы. Халықаралық шараға Анадолы еліне ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент бауырлас елдердің ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды. Ұйымның басты мақсаты – елдердің егемендігі мен ұлттық мүддесін құрметтей отырып, ортақ даму жолында күш біріктіру екенін атап өтті. Экономикалық әріптестіктің де қарқыны жаман емес: Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттермен өзара саудасы биыл 10 миллиард долларға жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Үрдісті үдету мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымының 2031 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең бастысы, 5 жылға арналған стратегияда нақты жобалар көрініс табуы керек. Сондықтан Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет. Оның әлеуеті зор. Бұл қаржылық институттың толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап берсек, жөн болар. Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндіктерін пайдаланған абзал. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатымен келесі жылы Қазақстанда іскерлік форум өткізуді ұсынамыз.

Түркі мемлекеттерін жақындастыратын тағы бір маңызды бағыт – цифрлық даму мен технологиялық ынтымақтастық. Қазақстан бұл салада қолға алған жобаларын бауырлас елдермен бөлісуге дайын екенін білдірді. Қазір елімізде Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылып, Qazaq AI Research университеті ашылды, қуаттылығы бір гигаватт болатын деректерді өңдеу орталықтарының алқабы жасақталып жатыр. Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі жұмысын бастады. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, оның негізгі міндеті – өзара сенім мен ынтымақтастықты дамыту екенін тағы бір мәрте атап өтті.

← Барлық жаңалықтар