Мазмұнға өту
· 23 қаралым

Білім мен бизнес арасы

Ұстаздың абыройын ешкім таптамауға тиіс. Әсіресе мұғалімдердің 11 жылдық еңбегін еш етіп, ұл-қыздардың ҰБТ-дағы нәтижесін өздеріне еншілеп алатын оқу орталықтары бар. 140 балл алып беремін деп ұлардай шулап, жоғары нәтиже көрсеткендерге қымбат көлік, қаланың қақ ортасынан пәтер беретіндердің мәселесі депутаттарды да ойландырып отыр. Баласының сапалы білім алуы үшін қосымша оқу орталықтарының мұндай манипуляциясына сеніп, миллиондарын ұстата салатын ата-аналар да жетерлік. Әрине, барлығының қызметі теңгесіне сай емес деуден аулақпыз. Дегенмен елдің сенімімен ойнап жүргендер де табылып жатыр. Мәселен, Алматыда осындай орталықтардың біріне ақша төлегендер білім де ала алмай, ақшадан да ада қалған. Мұндай жайттар салаға бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Оқу орталықтарына тыйым салу керек пе? Әлде балалардың әке-шешесіне таңдау мүмкіндігін беріп, ашықтықты арттырған жөн бе?

«Ғасырдың өткені қайта келмейді». Алматы ғимараттарының біріне бедерленген жазуды терезеден сығалап тұрған мына кісілерге қарата айтуға болады. Кезінде осында орналасқан Gasyr Foundation School атты білім беру орталығына миллиондап ақша төлеп, балаларын алып келген еді. Уақыт өтті, уәде етілген оқу оқытылмады, төленген ақша да ізім-ғайым жоқ. Жақында иесі мен бірнеше қызметкері 680 млн теңгені алаяқтық жолмен қолды қылды деген айыппен сотталған еді.

СӘТЖАН ИМАНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

680 млн-ды ұрлап, 2,5 жыл отыру ол жақсы бизнес модель шығар мүмкін алаяқтар үшін. Қаншама ата-ана, қаншама адам зардап шекті. Өте қиын жағдай болып тұр бізге. Көп балалар оқуға түсе алмай қалды. Грантқа түсе алмай қалды. Жақсы оқитын балалар.

МАҚПАЛ МҰХТАРҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен бірден айттым. Мен көпбалалы анамын. Кредит алайын деп жатырмын, маған шын айтыңыздаршы, шынымен де менің балам шетелге грантқа түсе ала ма, шынымен де ол ақысыз бола ма деп едім. Иә, әрине, оны тіпті келісімшартта жазып береміз, балаңыз 100 пайыз грантқа ақысыз түрде түседі деп айтты. Сонымен осылай, ақша да жоқ, білім де жоқ, шетелге түскен бала да жоқ.

Алаяқтарға жем болдық деген ата-аналар үкіммен келіспей отыр. 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Рақымшылық, асырап отырған балалары бары ескеріліп, осындай шешім шығарылыпты. Тергеу изоляторында отырған мерзімін алып тастағанда 2,5 жылдай қалады.

РЫСГҮЛ ЖЕКСЕНБИНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Оның жаңағы несовершеннолетний балалары бар екенін сылтауратып, өте аз берілді деп отыр негізі. Менің ше? Менің 5 балам ше? Оның балалары бала да, менің балаларым бала емес пе сонда? Ешқандай білім берілген жоқ. Бір қызым бір-ақ апта оқыды. Бұл жер сәйкес келмейді екен, себебі мұғалімдері жоқ сәйкес келетін, білім беретін мұғалімдер жоқ. Өте оңай бастауыштың программасын өтіп отыр, мен өйтіп отырмаймын босқа уақыт ол жер. Сенбеңіз деді, өтірік деді!.

Қосымша білім беру орталықтары төңірегіндегі әңгімеге бұрынғы білім министрі, қазіргі Құрылтайдың депутаты Асхат Аймағамбетов те үн қатты. Түсінгеніміз, репетиторлық қызмет саласын реттеуді жөнге келтіру керек дегенге саяды. Олардың ісін шектеуге қарсы.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Шектеу туралы түрлі ұсыныстар күткен нәтижеге керісінше әсер етуі мүмкін екенін түсінуіміз керек. Қандай нақты шаралар қолдануға болады? Біріншіден, қаражатты қайтару тәртібі нақты көрсетілген түсінікті келісімшарттар болуы керек. Сондай-ақ «грантқа міндетті түрде түсіреміз» немесе «оқуға түсуге кепілдік береміз» деген жарнамаларға жол бермеу қажет.

Жарнаманың түр-түрі әлеуметтік желілерде самсап тұр. Мақсат айқын – ата-ана орталық табалдырығын аттаса болды. Ал ар жағында сізді не күтіп тұрғанын аңғару аса қиын емес. Шамалы уақыт бөліп, алдыңызға берілген келісімшартпен танысқаныңыз жөн.

ЕКАТЕРИНА СМОЛЯКОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Келісімшарттың мәтінімен мұқият танысу керек. Егер де ол жарнамада сіздің балаңыз 100 пайыз грантқа түседі десе, ал келісімшартта мұндай дерек мүлде айтылмаса, онда ол ата-ананы алаңдатуы керек. Сонымен қатар біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Қосымша білім беру орталығы грантқа түсуге 100 пайыз кепіл бере алмайды. Өйткені мемлекеттік грант бөлу кәдімгідей республикалық конкурстық комиссиямен жүзеге асырылады.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Клиент тартуға келгенде кей білім беру орталықтары алдына жан салмайды. Оқуға түсіреміз, грант алып береміз дегені бер жағы. Жоғары ұпай жинағандарға көлік, пәтер сыйлаймыз деп ант-су ішетіндер де бар.

ЖАСҰЛАН ҚУАНДЫҚ, ПРОФОРИЕНТОЛОГ:

Жарнама тұрғысынан қарайтын болсақ, қазір көлік, пәтер тігу деген дүниелердің барлығы енді ұтыс ойындары, лотереямен пара-пар ғой негізінен. Лотерея ол міндетті түрде билет алған жағдайда ғана мысалы лотерея болып есептеледі ғой. Бұл жерде қызмет алып тұрғаннан кейін қатты реттелмейді. Осы тұрғыдан заңнаманы күшейту керек. Менің ойымша, білім саласын лотереяға айналдырмау керек. Құндылық бұл жерде білім болуы керек.

Қосымша білім беру саласы өз алдына бөлек заңмен реттелмейді. Үш түрлі құжаттағы бірнеше бапқа бағынады. Олардың арасында жарнама мен тұтынушы құқықтарын қорғау туралы заңдар бар. Әзірге осы да жеткілікті дейді Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова. Айтпақшы, халық қалаулысының баласы да биыл мектептен түлеп ұшқалы отыр. Соңғы бірнеше жыл қосымша дайындық қызметіне жүгінгенін жасырмады.

ЕКАТЕРИНА СМОЛЯКОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қытай елінде осындай тәжірибе болған. 2021 жылы олар осы нарыққа шектеу қойып тастады. Қатты реттеп тастады да, бірақ та оның салдары аса бір жақсы нәтижеге, күтілгендей бір жақсы нәтижеге жеткізген жоқ. Сондықтан бұл жерде мемлекеттік регуляторика дейміз ғой. Мемлекет тұрғысынан қатты реттеу де нарықты ары қарай дамытпай, жаңағы көлеңкелі нарыққа әкеп соқтыруы да мүмкін. Көбісі көлеңкеге кетіп қалуы да мүмкін. Мен ойлаймын, қатты бұл жерде реттеу қажет емес әлі де.

АЙЖАН КЕНЖАЛИНА, БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жерде ашықтық болғаны дұрыс па деп ойлаймын. Ашықтық. Бір жүйе болса. Сол жерге әрбір оқу орталығы өзінің бағдарламасын, нәтижелерін, ұстаздардың біліктілігін, барлығын тіркеп, сол жерге ашық түрде. Ата-ана өзі таңдай алатындай, міне, мен осы оқу орталығында оқығым келеді деп.

20 жылдан аса ұстаздық етіп жүрген Айжан Кенжалина жеке орталықты басқарып отыр. Көбіне мектеп бағдарламасын балаларға қосымша түсіндіреді. Саладағы бәсекелестік жоғары болғанымен, білім беруге мүлде қатысы жоқ жандардың жарнамасын көріп, қынжыламын дейді. Сондықтан артық бюрократиясыз реттеуді жетілдіру керек деген пайымда.

АЙЖАН КЕНЖАЛИНА, БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бір жағынан, лицензия болуы керек шығар. Өйткені кім көрінген ашып жатқан заман болып жатыр қазір. Әйтеуір ақша бар екен. Осы оқу орталығынан ақша табуға болады екен. Жақсы кәсіп екен деген бар. Бірақ көпке де топырақ шашпаймын. Арасында бар. Бірақ енді оның жұмысын ауырлатып жібереді деп тағы да қорқамыз. Мысалы үшін ауырлатып, қазір білікті ұстаз болса да, ол лицензияны ала алмай қиналып, оның жолын қиындатып жібереді ғой бізде. Оның жолын қиындатып жіберсе, білікті ұстаздар, сапалы білім беретін орталықтарға қиын болады.

САЛТАНАТ САТОВА, РЕПЕТИТОР:

Қазіргі таңда балалардың барлығы мектеп деңгейінде өте қатты қиналады. Себебі бір мұғалімнің вниманиесі, назары, барлық оқушыға бірдей дерлік жете бермейді. Сол үшін репетиторлыққа сұраныс өте жоғары деп айта аламыз.

Отандық сарапшылар салалық зерттеу жүргізген болатын. Оған мыңға жуық ұстаз қатысып, сауалнамадан өткен. Оның нәтижесі бойынша 40 пайыздайы негізгі жұмысымен қатар репетиторлықпен де айналысады. Салтанат Сатова кезінде орта мектептердің бірінде сабақ берген. Қазір тек онлайн-репетитор қызметін көрсетуде. Жоғары нәтижелерімен мақтанатын мамандарға бірден жүгінуге болмайды дейді.

САЛТАНАТ САТОВА, РЕПЕТИТОР:

Репетитор сабақты қалай түсіндіреді оқушыға. Оқушы оны қалай түсінеді? Соған мән беру керек деп ойлаймын. Көп репетиторлар өзінің пәнін жақсы біледі. Өте жоғары нәтижелері бар көрсеткіштегі репетитор болғанымен, ол кісінің сабақ түсіндіруі нашарлау болуы мүмкін. Ең алдымен сабақты түсіндіруіне мән беру керек деп ойлаймын.

Жалпы елімізде қанша орталық, қанша репетитор жұмыс істейтінін білгіміз келген. Ондай санақты жүргізіп отырған ешкім жоқ секілді. Оқу-ағарту министрлігі кәсіпкерлік қызмет көрсету саласына араласа алмаймыз дейді.

ФАРИЗА ДҮЙСЕНБАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ЗАҢ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Репетиторлық орталықтар бәсекелестік ортада жұмыс істейтінін атап өту керек. Ал репетиторлық қызметтердің сапасына қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері өзара жасалған шарт негізінде азаматтық заңнамамен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамамен реттеледі.

Бұдан түсінгеніміз, аталған сала құжатпен реттеліп, лицензия берілмесе, құзырлы органдар тексермесе, алматылық Сәтжан Иманғалиев сияқты алданып, санын соғатындар көбеймесе, азаймайтын сияқты.

СӘТЖАН ИМАНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге ақша керек емес. Біз бұл ақшаға сеніп отырған жоқпыз. Ақшаның бәрін жымқырды, бәрін құртты. Счеттарынан бәрін алып кетті. Бізге тек қана әділеттілік керек. Ол адам 2,5 жыл емес, хотя бы 5-7 жыл отырса. Бізге сол жеткілікті.

Алаяқтардан жапа шеккен ата-аналар апелляциялық шағым түсірмекші. Ақшасы бар болсын, өзгелерді алдамауы үшін мейілінше абақтыда көбірек отырса екен дейді. Алайда сот кескен үкімнің толық мәтіні әзірге қолдарына тимей жүр екен. Енді соны талап етіп, сенделіп жүр. Түйгеніміз, саладағы реттеу шаралары әзірге өзгеріссіз қалатын түрі бар. Білімді жетілдіреміз деген орталықтарға алданбау тек ата-ананың қырағылығына байланысты болып отыр.

← Барлық жаңалықтар