Мазмұнға өту
· 23 қаралым

Трамптың «тынысы» тарылып барады

АҚШ-тағы саяси дода шарықтау шегіне жетті. 3 қарашада өтетін аралық сайлау елдің тек алдағы екі жылдағы заңнамалық бағытын ғана емес, 2028 жылғы президенттік сайлаудың да көрінісін айқындауы мүмкін. Бұл жолы Конгрестің Өкілдер палатасы мен Сенаттағы орындар үшін күрес тартысты өтіп жатыр. Биліктегі Республикалық партия үшін қазіргі экономикалық жағдай – рекордтық инфляция, жанармай мен азық-түлік бағасының өсуі, сондай-ақ Иранмен жалғасып жатқан қақтығыс айтарлықтай сынаққа айналды. Сауалнамалар халықтың басым бөлігінің қымбатшылықтан қажығанын, ал саяси науқандарға жұмсалған 3,8 миллиард доллардай рекордтық қаражат қарапайым сайлаушылардың күнделікті мәселесін шешпейтінін көрсетіп отыр. Бұрынғы және қазіргі президенттердің араласуымен қызған саяси тартыста Демократтар Конгресте басымдық алудан үмітті. Ал Таяу Шығыстағы дағдарыс пен оның әлемдік энергетикалық нарыққа әсері бұл доданың геосаяси астарын одан сайын күрделендіре түсті. Алдағы сайлауда кімнің мерейі үстем болуы мүмкін және оның салдары қандай болмақ?

АҚШ-тағы саяси дода шарықтау шегіне жетті. 2026 жылдың 3 қарашасында өтетін аралық сайлау тек Конгресс құрамын ғана емес, бүкіл елдің алдағы бағытын айқындамақ. Рекордтық инфляция, жанармай бағасының шарықтауы және саяси элита арасындағы қатаң тартыс биылғы науқанның басты тақырыбы. Бұл аралық сайлауда Өкілдер палатасының барлық 435 орны мен Сенаттағы 35 орын сарапқа салынады. Қазірдің өзінде 30 миллионнан астам америкалық мерзімінен бұрын дауыс беріп үлгерген, ал жалпы электорат саны 100 миллионнан асады деп күтілуде. Саяси кампанияларға жұмсалған қаржы көлемі де рекорд жаңартты – 3,8 миллиард доллар. Оның 366 миллионын кәсіпкер Илон Маск республикашылдарды қолдауға бөлген. Дегенмен қарапайым халықты саяси жарнама емес, күнделікті өмір сүру құны көбірек алаңдатады.

САДИРА СИММОНС, ЗЕЙНЕТКЕР:

Экономика жақсарып жатқан жоқ. Жанармай мен азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Зейнеткер ретінде маған тоңазытқышты тамаққа толтыру өте қиын. Дүкенге барғанда кірісіңнің қандай төмен екенін мойындап, қайда жеткіземін деп бас қатыратын болдық.

Сарапшылардың сөзінше, ішкі экономикалық мәселелер мен сыртқы саясаттағы дағдарыстар биліктегі Республикалық партияның позициясына соққы болды. Сауалнамаларға сәйкес, халықтың 70%-ы Иранмен қақтығысты қателік деп санайды.

ЛАРРИ САБАТО, ВИРДЖИНИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Басты мәселе – өмір сүру құны, бұған күмән жоқ. Халық Дональд Трамп төмендетуге уәде берген азық-түлік бағасының өсуіне наразы. Иранмен болған соғыстың салдарынан бензин бағасы да шарықтап кетті. Қазіргі сауалнамалар демократтардың позициясы өте мықты екенін көрсетеді.

Қазір Конгрестің қос палатасы да республикашылдардың бақылауында. Демократтарға Өкілдер палатасында көпшілікке жету үшін қосымша 4 орын, ал Сенатта басымдық алу үшін тағы 4 орын қажет. Саяси күреске бұрынғы және қазіргі президенттер де белсенді араласуда.

БАРАК ОБАМА, АҚШ-ТЫҢ 44-ШІ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ол сіздер үшін маңызды мәселелерге уақыт бөледі деп ойлайсыз ба? Жоқ! Трамп Ақ үйді жөндеуге, алтын медальондар жапсыруға әуес. Біз инфляциямен және бағаның өсуімен күресіп жатқанда, ол бақшасын асфальттап, құрылыспен айналысып жүр.

Егер демократтар жеңіске жетсе, Өкілдер палатасының спикері Хаким Джеффрис болуы мүмкін. Ол денсаулық сақтау мен тұрғын үйді қолжетімді етуді көздеп, Трамп әкімшілігінің әрекеттеріне қатысты тергеу бастауды жоспарлап отыр. Ал республикашылдар басымдықты сақтап қалса, қорғаныс шығындарын арттырып, салық жеңілдіктерін ұсыну саясатын жалғастырады. Конгрестің, біздіңше айтқанда, парламенттің қос палатасын бақылауымнан шығарып аламын ба деп алаңдаған Ақ үй иесі ел аралап, маған дауыс бергендей сезімде болыңдар деп үгіттеп жатыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл сайлауда мен сіздерден бір нәрсе сұраймын: сайлауға мен түсіп жатырмын деп елестетіңіздерші. Дауыс беруге барыңыздар! Өйткені демократтар түрлі қулыққа баруы мүмкін. Біз міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек.

Жалпы алғанда, жұрттың құрғақ уәде, популистік ұрандардан шаршағаны байқалады. Тіпті Трамптың «АҚШ бірінші орында!» деген идеясына күмән келтіре бастаған. Америка халқы партиялардан нақты шешімді талап етіп отыр.

ЛАРРИ САБАТО, ВИРДЖИНИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сауалнамалар демократтардың жағдайы өте жақсы екенін көрсетеді. Олар Өкілдер палатасын жеңіп алады. Республика партиясы өздерін үнемі қолдайтын штаттардан Сенатта орын алады. Мен олардың нақты қанша мандатқа ие болатынын білмеймін және бұл басымдыққа жету үшін жеткілікті бола ма, жоқ па, беймәлім. Оны ешкім де дөп басып айта алмайды. Бірақ бір нәрсе анық: демократтар республикашылдарды әрбір тиынын жұмсауға мәжбүрлеп отыр. Әрине, оларда қаражат әлдеқайда көп.

Тарихи тәжірибе көрсеткендей, аралық сайлау биліктегі партия үшін әрдайым үлкен сынақ. 2010 жылы Обама, 2018 жылы Трамп дәл осы аралық сайлауда Өкілдер палатасынан айырылған болатын. Биылғы нәтиже тек алдағы екі жылдың заңнамалық бағытын айқындап қоймай, 2028 жылғы президенттік доданың басты индикаторына айналады. АҚШ-тың саяси сахнасындағы жағдайдың қалай өрбитіні алдағы күндері белгілі болады.

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ДАҒДАРЫС

АҚШ пен Иран арасындағы атыс саябырсығанымен, қақтығыс түбегейлі тоқтамады. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазында заңсыз бағытпен өтпек болған үш танкердің минаға жарылып, өртенгенін мәлімдеді. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, кемелер радарларын сөндіріп, ескертулерге құлақ аспаған. Сақшылар корпусы ереже бұзғандардың қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жаңа соққы жасауымыз мүмкін, оны жоққа шығармаймын дейді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Иранға қатысты біздің ұстаным мықты. Мәселе тек қақтығысты қашан аяқтағым келетініне байланысты. Келісімге келгісі келеді, бірақ олар созбаққа салуда. Бәлкім, сайлауды күтіп отырған шығар, бірақ бұл оларға көмектеспейді. Біз олардың армиясын да, қаржысын да құрттық.

Пентагон мәліметінше, АҚШ-тың Иранмен соғысқа жұмсаған шығыны 47 миллиард доллардан асқан. Бұл Қорғаныс министрлігінің шілдедегі болжамынан 25 пайызға көп. Иран тарапы дипломатиялық жолмен шешім табуға тырысып жатқанын алға тартады. Тегеран аймақтағы тұрақсыз жағдайды біржақты қылу үшін делдалдармен келіссөздер жүргізуде.

МАСУД ПЕЗЕШКЯН, ИРАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Көшбасшымыз айтқандай, жағдайды тұрақтандыру күн тәртібінде. Бұл өте маңызды үндеу. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Дегенмен кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Алдағы сын-қатерлерге сақадай сай болу қажет.

Сегіз айға созылған соғыс Иран экономикасына ауыр соққы болып тиді. АҚШ шабуылынан кейін Ормуз бұғазының жабылуы мұнай экспортын азайтып, елдегі инфляцияны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Қарапайым халық шығындарын барынша қысқартуға мәжбүр. Тауар бағасының өсуіне жалақы ілесе алмай жатыр.

ӘЛИ, ТҰРҒЫН:

Доллар бағамының өсуіне байланысты бәрі қымбаттады. Ет пен тауықтың бағасы шарықтап кетті. Бірақ халықта таңдау жоқ, күнделікті қажеттілік болғандықтан сатып алуға мәжбүрміз. Есесіне, киім-кешек алуды қысқарттық.

САИД, ТҰРҒЫН:

Осы айда барынша үнемдеп өмір сүруге тырыстым. Көптеген шығындарымды қысқартып, көп нәрседен бас тарттым, бірақ бұл да жеткіліксіз болып шықты. Айдың соңына қарай қалтамда түк қалмайды.

Таяу Шығыстағы шиеленіс әлемдік нарыққа да кері әсерін тигізуде. Қытайда жанармай мен дизель отынының көтерме бағасы қайта өсті. Дегенмен билік тұтынушыларға түсетін ауыртпалықты азайту үшін бағаның өсуін белгілі бір деңгейде тежеп отыр.

ЧЭНЬ ШОУХАЙ, ҚЫТАЙ МҰНАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Отын бағасын реттегенде билік тұтынушылардың төлем қабілеті мен нарықтағы тұрақтылықты қатар ескеруі қажет. Бір жағынан, халыққа салмақ салмас үшін баға өсімін шектеу керек, екінші жағынан, өндіріс тоқтап қалмас үшін мұнай өңдеу зауыттарына шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беру қажет.

Ал Еуропада табиғи газ бағасы 2022 жылдың желтоқсанынан бері алғаш рет мегаватт-сағатына 100 еуродан асты. Бұған Парсы шығанағынан келетін сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің іркілісі мен алдағы қыс маусымына байланысты газ қорының азаюы себеп. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тағы сайлаудан кейін Иранмен арадағы қақтығыс ушықса, әлемдік газ тапшылығы одан әрі арта түсуі мүмкін.

← Барлық жаңалықтар