Жамбыл жері — жай ғана жол үстіндегі өңір емес, халықаралық транзиттің алтын көпірі.
Орта ғасырларда керуендер өткен өлкемен бүгінде мыңдаған көлік жүйткиді. Сол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің сапасын тексерген мамандар жолға жоғары баға берген.
Нәтижесінде өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 1 200 шақырымы талапқа сай деп танылыпты. Осылайша облыстағы жолдардың сапасы 100 пайызға жуықтаған. Бүгінде Әулиеата өңіріндегі күре жолда тәулігіне 45 мыңға жуық темір тұлпар қатынайды. Оның 9 мыңы — еліміздің және шетелдің жүк көліктері.
Жаңалық Көпешбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының жол жөндеу маманы: «Осы жол саласында 24 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жол белгілері, бордюрлер бар. Жел кезінде жол белгілері қисайып кетпеуі үшін соларды уақытында түзетеміз, жолдың тазалығына қараймыз. Бізге қарасты жол — Шымкент облысынан Алматы облысына дейін».
Дәурен Доғдырбай