Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Жолдауды жер-жерде қолдау басталып кетті

Жолдауды жер-жерде қолдау басталып кетті. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер бойынша Үкімет өткен аптада дереу іске кіріскені белгілі. Құрылтай мүшелері де министрлерден қалғысы жоқ. Депутаттар республиканың түкпір-түкпірінде қоғам белсенділері және жастармен кездесіп, маңызды тақырыптар бойынша пікір алмасып жатыр. Реформадан студенттер де хабардар екен. Олар елдегі ауқымды өзгерістерге бей-жай қарамай, өз ойларын да ортаға салып, талқылауға белсенді қатысты.

«Ел болашағы жастардың қолында». Құрылтайдың бір топ депутаты Жолдаудағы маңызды тақырыптарды алдымен студенттермен талқылауды жөн санапты. Халық қалаулылары Астанадағы Назарбаев Университетінің тәлімгерлерімен жүздесіп, пікір алмасты. Бір қуантарлығы, жастар елдегі маңызды оқиғалардан шет қалмайды екен. Өскелең ұрпақ та көкейкесті сауалдарын қысылмай, депутаттарға қойып, талқылауға белсенді қатысты.

ДИХАН ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әрине, өте қазіргі маңызды мәселе саяси реформа. Саяси реформаның қазір жүзеге асып, қазір кірісе бастаған кезеңі. Сонымен бірге алда да біраз міндеттер бар. Оның ішінде азаматтық кодекстің қабылдануы, салыққа байланысты мемлекеттің өсуі, экономикалық дамуы соған байланысты жастар өздерінің ұсыныстарын айтты.

Құрылтай депутаттарынан бөлек арнайы ұйымдастырылған шараға Халық кеңесінің мүшелері де шақырылған. Олар да студенттермен Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі басымдықтарын талқылады. Соңғы жеті жылда елімізде қыруар жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде мыңдаған мектеп, балабақша және медициналық мекеме салынды. Жалпы, әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бағытталды.

РОЗА МҰҚАНОВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ, ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ:

Елімізде өте үлкен қарқын алып жатқаны бұл жаппай ұлттық кітап оқу тұжырымдамасы. Қазір мектеп оқушыларынан бастап, жоғары оқу орындарының студенттерінің арасында үлкен бір қарқынды үдеріс пайда болды. Бұл өзіміздің ұлттық әдебиетті әлем әдебиетінің оқырмандары көбейді.

Ал бір топ депутат жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің алғышарттарына кірісіп кетті. Жаңа реформа бойынша талқылауға халық қалаулыларынан бөлек отандық және шетелден арнайы шақыртылған сарапшылар, ғалымдар мен мемлекеттік орган мүшелері белсене атсалысты. Ал азаматтық заңнама заманауи бизнес жүргізу, цифрлық экономиканың дамуы мен мүліктік қатынастың жаңа формасын ескере отырып құрастырылуы тиіс.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Біз оның қай салада құқықтық коллизиядан қалып жатқандығын, қай жерлерде жаңа осы цифрландыру, азаматтардың арасындағы қарым-қатынас оның ішінде мынау заңды тұлғалардың арасындағы қарым-қатынас секілді бағыттар бойынша біраз қалып кеткен, болмаса өзгерісті талап ететін жерлері бар. Осының барлығын біз қазір талқылап жатырмыз.

Президент көтерген мәселелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Олар – ауыл шаруашылығын жаңғырту, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық экономиканы қалыптастыру, инфрақұрылымды жетілдіру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл – біртұтас экономикалық саясаттың маңызды бағыттары. Олардың түпкі мақсаты – экономикалық өсімді азаматтардың нақты тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұндай құрылыс Қазақстанда әлі болмаған. Мен талай жыл осы мемлекеттік қызметте жүрмін. Сондықтан менің айтарым – бұл шын мәнінде тарихи шешім. Бұндай қарқынды біз ешқашан да салған жоқпыз. Бұл – шын мәнінде халықтық құрылыс. Ал мұндай инфраструктураны салу ғылымға негізделуі керек. Ертең сапалы болып шығуы керек. Заманауи технологиялардың негізінде салу керек.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауында көтерілген бастамалар – жекелеген салаларға қатысты тапсырмалар жиынтығы ғана емес, еліміздің экономикалық моделін жаңғыртуға бағытталған өзара сабақтас стратегиялық міндеттер. Ауыл шаруашылығын технологиялық дамыту азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады. Шағын және орта бизнесті қолдау жұмыспен қамту мен өндірісті арттырады. Инвестициялық саясатты жетілдіру жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашады. Цифрландыру мен жасанды интеллект еңбек өнімділігін көтереді. Ал инфрақұрылымды жаңғырту өңірлердің дамуына және халықтың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді.

← Барлық жаңалықтар